Шайбалы хоккейден ашық ел біріншілігі қыза түсті. Бәсеке жолында 11 команда жүр. Қоржынында 76 ұпайы бар қызылжарлық “QULAGER” хоккей клубы турнир кестесінде алтыншы орында келеді.
Өткен аптаның соңында біріншілік аясында жерлес команда сырт алаңда Ташкенттің “HUMO”-мен кездесті. Ташкент қаласында өткен кездесуге қызылжарлық хоккейшілер тас түйін дайын барған екен. Алғашқы ойында Дамир Рамазанов есеп ашты. Үш минуттан соң ташкенттіктер таразы басын теңестірді. Дегенмен, жанын сала ойнаған жерлестеріміз айдын иелеріне дес бермеді. Осындай жанкештіліктің арқасында қызылжарлық шабуылшы Денис Стасюк қарсылас қақпасына шайба тоғытты. Есеп – 2:1.
Келесі күнгі қарымта кездесуде де жерлестеріміз жанкүйерлерін қуантты. Бұл ойында қызылжарлық қорғаушы Алексей Данилов есеп ашты. Бұдан кейін Марк Вакуленко мен Денис Стасюк мергендік танытып, қарсылас қақпасына қатарынан екі шайба салды. Сәлден кейін ташкенттіктер қақпамыздан саңылау тауып, есеп айырмасын сәл де болсын қысқартты. Ал ойынның аяқталуына он секунд қалғанда Дамир Рамазановтың берген шайбасын Евгений Попитич нысанаға дәл көздеді. Матч 4:1 есебімен аяқталды.
99 ұпай жинаған павлодарлық “ERTIS” хоккей клубы көш басында. Турнир кестесінде екінші және үшінші орындарға көкшетаулық “ARLAN” (92 ұпай) және алматылық “ALMATY” (89 ұпай) хоккей клубтары жайғасқан. Ал елордалық “ASTANA” көш соңында тұр. Ертең жерлестеріміз сырт алаңда көкшетаулық “ARLAN” командасымен кездеседі.