«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЭКВОНДО ТЕМІРДЕЙ ШЫҢДАЙДЫ

Өткен жылы облысымызда құрылған спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының бөлімшесі мен облыс әкімдігі арасындағы екіжақты әріптестік туралы меморандумның аясында спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық спорт мектеп-интернатында өңірімізде кенже қалып келе жатқан олимпиадалық спорт түрлерін дамытуды қолға алу мақсатында 5 зал ашылған болатын. Солардың бірі – “WTF” таэквондо залы.

Конфедерация жергілікті билікпен бірлесе отырып, спорт интернатындағы бос залдарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, залды таэквондо, дзюдо, бокс, күрес және ауыр атлетикамен айналысатын спорттық құрылғылармен жабдықтаған. Бүгінде таэквондо залына Шығыс жекпе-жегін өмірлік серік ете білген “WTF” таэквондодан облыстық федерациясының вице-президенті Ерік Тәттібаев жетекшілік етеді.  

– Қазіргі жастар Шығыс жекпе-жектеріне қызығушылық танытуда. Егер бастапқыда жастар каратэ мен у-шуға ден қойса, соңғы жылдары Корея елінің ұлттық спорты – таэквондоға мән беруде. Аталмыш мектеп қабырғасында өз жұмысын жүргізіп отырған залда жасы төрттен басталатын қырықтан астам болашақ таэквондошылар күніне екі сағаттан екі мәрте жаттығады, – деген Ерік Иланұлы таэквондода спортшының аяғы мен қолы қатар жұмыс істейтіндігін, мақсаты жарыс ережесіне сай келетін әдістерді пайдалана отырып, жеңіске жету екендігіне тоқталып өтті.

Саналы өмірін Шығыс жекпе-жегіне арнаған білікті жаттықтырушының айтуынша, таэквондошы әрқашан өз-өзіне сенімді, сал-қынқанды, сабырлы, не жасаса да, ойланып барып орындайтын адам болуы қажет. “Таэквондо, қазақша қайырсаңыз, аяқпен төбелес деген мағынаны береді. Боксшылардың шаршы алаңда қос қолы шоқпардай сілтенсе, таэквондошылардың қос аяғы кезек-кезек қарсыласының төбесінде жасындай ойнайды. 90 пайызға дейін аяқпен әрекет жасайтын бұл спорт түрін таңдаған жастың денесі жағынан дамуына аса мән береміз”, – дейді Ерік Иланұлы.

Корея елінің ұлттық спортының білгірінен таэквондоға алғаш қалай келгенін сұрағанымда, ол өзінің он төрт жасынан бастап каратэмен, әскерде қоян-қолтық ұрыспен, у-шумен айналысқанын, кейін Корея елінің жекпе-жегіне тоқталғандығын айтты. Оның айтуынша, 1989 жылы таэквондо шебері Ли Хен Гукқа арнайы барып, жарты жыл тәлім алған соң елге оралып, облысымызда спорттың аталмыш түрін насихаттаумен, балаларды жаттықтырумен айналысқан. Кейінгі жылдары ол Ли Цхом Джин және Хон Дзен Хэн деген жаттықтырушылардан тәлім алып, шеберлігін шыңдай түскен.

– Аталмыш спорт түрінің қыр-сырын, сан алуан тәсілдерін үйрену жолында үнемі ізденіс үстінде жүру менің Шығыс жекпе-жек түрлеріне деген қызығушылығымды оятып, алға жетеледі деп айтсам, асыра сілтемеген болармын. Өз еркіммен ізденіп барған соң ба, барлық қиыншылыққа шыдай отырып, таэквондо спортының ережесіне сай барлық сатылы белбеу деңгейін орындап, арнайы сарапшы ұстаздар алдында қара белбеу тағынып, халықаралық бірінші дан иелендім. Ал бүгінде үшінші дан иегерімін. Жалпы алғашқы бапкерлерім менің таэквондоны меңгеруге деген құлшынысымды одан сайын ұштай түскен еді. Сондықтан өңірімізде таэквондоны дамыту жолында тер төгуім олардың арқасы деп есептеймін, – дейді ол.

Әр тәлімгердің еңбегі шәкірттердің жеңісімен өлшенетіні рас. Яғни, олардың нәтижелері – бапкердің жұмысына берілген шынайы баға. Бапкерлік қызметті бастағалы бері, яғни ширек ғасырдай уақыттың ішінде үш мыңнан астам шәкірт тәрбиелеген жаттықтырушының оқушылары аталмыш спорт түрінде бірталай жетістіктерге жетіп үлгерген. Атап айтқанда, кешегі оқушылары – ІІІ дан иегері Нұрлан Асаубаев – Ресейдің Омбы облысының “WTF” таэквондодан өңірлік федерациясының президенті. ІІІ дан иегері Елена Подлобка да Ресейде балғындарды таэквондоның олимпиадалық түрімен жаттықтыруда. Ал дарынды оқушыларының бірі – Владимир Хван бүгінде “ITF” таэквондодан облыстық федерациясының президенті дәрежесіне дейін өскен. Олардың барлығы да спорттан қол үзбей, ұстаз салған сара жолды жалғастырып әкеткен.

Қыркүйек айында облысымызда таэквондоның олимпиадалық түрімен баулитын жалғыз зал ашылғалы бері жас спортшылар екі ірі сайысқа қатысып үлгерген. Шығыс жекпе-жегінде алғашқы қадамдарын жасаған балғындардың нәтижелері де жаман емес. Мәселен, Түркістан қаласының күніне арналған ашық біріншілікте 4 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық үшінші орынға көтерілген. Астана қаласында өткен ел біріншілігінде де бақтарын сынаған жас өрендер сәтті өнер көрсете білген.

– Спортшының биік белестерді бағындыруы үшін таэквондо спортына әлі де қамқорлық қажет. Өйткені, кейбір құрал-жабдықтарымыз жетіспейді. Барлық мәселе шешілсе, спортшының алаңсыз жеңіс шыңына шығуына жол ашылады деп ойлаймын. Залға мықты жаттықтырушылар қажет болған соң Түркістан қаласынан Мұхтар Баймаханов және Дәулет Манапов деген екі бапкерді шақыртып алдық. Екеуі де білікті жаттықтырушылар. Егер бас жаттықтырушы Мұхтар бәсекелі сайыстардың жүлдегері және халықаралық санаттағы қазы болса, Дәулет – халықаралық санаттағы жаттықтырушы, “WTF” таэквондодан ел біріншілігінің үш мәрте жеңімпазы, ТМД спартакиадасының күміс жүлдегері, – деген ол көмекшілерінің арқасында залда жаттығып жүрген балалардың уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, биік белестерді бағындыратынына, әртүрлі деңгейдегі додаларда өздерінің мықты екендіктерін айғақтап, ел қоржынын жүлделі орындармен толтыратынына кәміл сенімді екендігін жеткізді.

“Қазіргі жастардың спорттың бұл түріне деген қызығушылығы бар ма?” – деген сауалыма Ерік Иланұлы:

– Әрине, бұрын бұл спортқа деген қызығушылық көбірек болатын. Қазіргідей жаттығуға арналған жағдай болмағанымен, біздің буынның бұл спортқа деген ықыласы зор болатын. Мектеп залдарында жаттығатынбыз, жетістіктерге талпынатынбыз. Тоқсаныншы жылдары Петропавл қаласында 7 мектепте таэквондо залы ашылған еді. Әр залда жаттығатын балалардың саны үш жүзден артылатын. Ал қазір ше? Компьютерлік клубтар, спорттық емес демалыс орындары көп. Қазірде көптеген жаттықтырушылар қалалардың өзінен осы спортқа бейім балалар таппай әлек. Егер бірді-екілі жас табылса да, олар кейін жаттығуға шыдамай, кетіп қалып жатады. Тығырықтан шығар жол: ауылдық жерлерге көбірек көңіл бөлу. Сол себепті алдағы уақытта ауыл балаларының арасынан іріктеу жүргіземіз. Кім біледі, сол балалардың ішінен мықты таэквондошылар шығар? Таэквондоны таңдап, спорт-интернатқа оқуға түскен балаға бар жағдай жасалатын болады. Тіпті, сайыстарға барып-келу, тамақ және тағы басқа мәселелер түбегейлі шешілген, – деп жауап берді.

Олимпиадалық таэквондо залы жуырда ғана ашылғанымен, тарлық көріп отырған жоқ. Облыстық федерацияның президенті Ермек Бәкенов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қолдау көрсетілуде. Бір рет қол ұшын беретін демеушілер бар, бірақ тұрақты қолдаушылары әзірге жоқ екен. Дегенмен, спорттық құрал-жабдықтарының аздау екені байқалып тұр. Жаттықтырушылардың сөзіне қарағанда, барлығы қаражатқа келіп тіреледі екен. Бағасы үш мыңнан басталатын спорттық киім мен қорғаныш құралдарын сатып алуға кейбір ата-аналардың қалтасы көтермейді. Десе де, жастар арасында аталмыш спортты насихаттау мақсатында жұмыс атқарылуда. Алдағы көктемде облыс орталығында “WTF” таэквондодан ел біріншілігін өткізу жоспарланған. Оған әр аймақтан спортшылар қатысады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде жергілікті жастардың жүрегіне Шығыс жекпе-жегіне деген ұшқын салмақ.

– Біздің ата-бабаларымыз “Тәні саудың – жаны сау” деп бекер айтпаған. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, жаны сау әрі таза болады. Спорттың қай түрімен болсын айналысу адамның қабілетіне байланысты. Ұйымымыз жас та болса, өзін жақсы қырынан көрсетіп отыр. Қатарымыз да уақыт өткен сайын қалыңдай түсуде. Сонымен қоса, келешегінен зор үміт күттіретін жастарымыздың бәсекелі жарыстарда топ жаратындығына сенімдіміз, – дейді таэквондошы бапкерлер.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp