Өткен жылы облысты электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған “СевКазЭнергосбыт” кәсіпорнына оның қызметтерін тұтынушылар 359,8 миллион теңге қарыз болып қалды. Дебиторлық берешектің 39,9 пайызын – тұрмыстық тұтынушылар, 28,4 пайызын – бюджеттік мекемелер, 28,2 пайызын Петропавл қаласындағы кәсіпорындар құрайды. Қалған бөлігі коммерциялық кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі.
Бұл қаражат кәсіпорынның есепшотына уақтылы түскен жағдайда ұжым тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар шараларды дер кезінде атқарар еді. Мәселен, бұл сомаға Петропавл №2 жылу тарату желісін 13 тәулікке жететін көмірмен немесе 2 жыл 9 ай жағылатын мазутпен қамтамасыз етуге болады. Сол сияқты, осыншама қаржы 8 қазандықты, болмаса 11 турбоагрегатты күрделі жөндеуге жұмсалар еді.
Компания дебиторлық берешекті азайту үшін бірқатар шараларды қолға алып отыр. Ай сайын әр тұтынушыға тұтыну мөлшері мен қарызы туралы түбіртек жеткізіледі. Қарызы көбейіп кеткендерге ескерту жасалады. Ескертуге құлақ аспаған тұтынушы электр тарату желісінен ажыратылады. Ал желіге рұқсатсыз қосылған борышкердің ісі әрі қарай сотта қаралады. 2015 жылы кәсіпорын әкімшілігі сотқа 2703 талап-арыз түсірді. Нәтижесінде 655 тұтынушы 133,3 миллион теңге қарызын өтеді.
“Таяқтың екі ұшы бар” дегендей, тұтынушылардың электр қуаты үшін дер кезінде есеп айырыспауының залалы бүгін болмаса, ертең білінері анық.
Александр СЕМЕНЧУК,
жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлім басшысының
міндетін атқарушы.