«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЯҚША ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ

Облыстық полиция департаментінің мұражайында жол қозғалысын реттейтін таяқшалардың сан алуан түрін кездестіруге болады. Бұл келушілердің назарын аудартпай қоймайды. Ал облыстық мемлекеттік автоинспекцияға арналған стендтің сөресінде таяқшаның 4 түрі бар. Көзге қарапайым көрінгенімен, бұл кішкентай көмекшілердің тарихы тереңде. Таяқшаларды алғаш рет Санкт-Петербург полицейлері осыдан 102 жыл бұрын қолдана бастаған. Ол кездегі таяқшалар бүгінгілерден өзгешелеу болатын. Ұзындығы бір метрге жуық ақ таяқтардың көмегімен екі белгі ғана берілетін: нұсқау арқылы экипажды тоқтату және таяқты жоғары көтеріп, барлық жол қозғалысына қатысушыларды тоқтату.

Кеңестік дәуірде таяқша жақсы көрінуі үшін түсі қызылға өзгертілді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, адам үшін ақ және қара түстің үйлесімі ыңғайлы екен. Сондықтан 1939 жылдың басында ала таяқшалар пайда болды. Бұған дейін мұндай таяқтар жеті жыл бойы қолданылмай келген еді.
1963 жылы таяқшаларды қолдануға екінші рет тыйым салынды. Алайда алты жыл өткеннен кейін көліктердің легі артып, таяқшалар қайтарылды. Оның түрі бұрынғыдан өзгешелеу болды. Петропавл жолдарында алғаш рет пайда болған – таяқшалардың дәл осы түрі.
Кейін таяқшаның негізі ағаштан пластикке алмастырылды. Жарық шағылыстырғыш бояулар қолданылып, таяқшалар шаммен, компостермен, ысқырықпен жабдықталды. Бүгінгі күні қолданылып жүрген жарығы бар қызыл таяқша – жетілдірілген үздік үлгісі.
Биыл 1 қыркүйектен жолдағы қозғалыс қайтадан таяқшамен реттеле бастады. Тәртіп сақшылары таяқшалардың көмегіне үш жағдайда ғана жүгінеді. Олар: бағдаршамның істен шығуы, көлік кептелісі және жол-көлік оқиғасы. Полицейлер жүргізушілерді және жаяу жүргіншілерді реттеушінің белгілерін жетік білу керектігі туралы ескертеді.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp