Облыстың ведомстволық құрылымдары жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғаныс, жастар саясаты мәселелері басқармаларымен толықты.
Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғаныс басқармасы төтенше жағдайлардың алдын алу және ескертумен, тұрғындарды табиғи апат салдарынан сақтандыру және жоюды ұйымдастырумен айналысады.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен басқарма басшысының міндетін атқарушы болып осы салада тәжірибесі мол Нұрлан Кеңесұлы Бүркіталин тағайындалды.
Нұрлан Кеңесұлы әр жылдары Солтүстік Қазақстан облысының жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апат және табиғи апаттың алдын алу мен жоюды ұйымдастыру басқармасының басшысы қызметін атқарған. Сонымен қатар, облыс әкімі аппаратының жұмылдыру даярлығы және аумақтық қорғаныс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі болған.
2016 жылдан осы тағайындауға дейін Солтүстік Қазақстан облысы жер инспекциясы басшысының орынбасары лауазымын атқарған.
Жастар саясаты мәселелері басқармасына жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік маңызды бастамаларын жүзеге асыру міндеті жүктелген.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен басқарма басшысының міндетін атқарушы болып Ирина Наильевна Тухватулина тағайындалды.
Ирина Наильевна 1988 жылы Петропавл қаласында туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін “Тарих” мамандығы бойынша тамамдаған.
2010 жылдан аталмыш тағайындауға дейін Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келді.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.