Облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті өңіріміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нарыққа шығарылған тауарлар сапасына мониторинг жүргізді. Бұл шара үстіміздегі жылдың наурыз-сәуір айларында Петропавл қаласындағы іргелі сауда орталықтарында, дәлірек айтсақ, “Таткрафт Инвест”, “Семейный”, “Көктөбе”, “Сокол”, “Вэлта”, “Пирамида” сауда үйлерінде ұйымдастырылды. Сауда орындарынан алынған 85 тауар тексерілді. Олардың 18-і санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, тауарларды таңбалау тәсілдерінің техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін болып шықты. Бұл – зерттелген тауардың 24 пайызын құрайды. Ол кәсіпорындардың басшыларына талапқа сай емес тағамдарды айналымнан алып тастау туралы жазбаша өкім берілді. Сол жолы 499 килограмм азық-түлік (оның ішінде 175,188 килограмм құс еті, 265 килограмм май өнімдері, 58,900 литр сүт өнімдері) сөреден алынып тасталды.
Департамент қызметкерлері 1 маусымнан бастап тағы да бірқатар сауда орындарының тауарларына мониторинг жүргізуді бастады. Бұл жолы 195 өнімге сынама жасалуда. Нәтижесі екі-үш күнде белгілі болады. Егер бірінші сында сүрінген саудагерлер екінші рет заңсыз әрекеттерімен әшкереленсе, оларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексіне сәйкес шаралар қолданылып, кәсіпорынға 100-ден 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Марат ЖЕКСЕМБИН,
облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау
департаментінің басшысы.