Көк туымыз көгімізде желбіреп, ата-бабамыз аңсаған егемендікке қол жеткелі алыс-жақын шетелдегі отандастарымыз ат басын атамекенге бұра бастады. Елбасының шеттегі отандастарымызды елге шақырған үндеуіне құлақ асып, нұрлы көштің керуенінен қалмай келген азаматтар арасында біздің де отбасымыз бар.
Атажұртқа Өзбекстан елінен 2004 жылы қоныс аудардық. Балалардың болашағын ойлап, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай мүмкіндікті мүлт жібермей, өзіміз ғана емес, ағайын-туысқандарымыздың да Қазақстанға көшіп келуіне ықпал еттік.
Тәуелсіздік тілегін тілеп, тоқтаусыз толқынмен алға басып, дамып келе жатқан еліміздің келешегі кемел боларына сенімдіміз. Өйткені, алға қойған мақсат бір. Ол – тыныштық бесігінде тербелген жас мемлекетіміздің өркендеп-өсуіне қолдан келгенше өзіндік үлес қосып, еңбек ету. Көк туымыздың астында ұлтымызға, дінімізге, ділімізге бөлінбей тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Мен өзім отбасыммен бірге шағын кәсібімді ашып, тұрмыс-тіршілігімізді түзеп, жаңа өмір бастадық. Құдай қосқан қосағым Пазилат – он саусағынан өнер тамған ісмер. Ұлты қырғыз болса да, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, келін болып түскен жеріне тастай батып, судай сіңіп отыр.
Туған жерге табан тірегелі мемлекет тарапынан да қолдау тауып, қуанышымыз еселене түсті. Баспанамыз бар, балаларымыздың барлығы жұмыспен қамтамасыз етілген. Бүгінде мәуелі бәйтеректей тереңге тамыр жайып, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, немере сүйіп, ата-әже болып отырмыз. Тағдырдың мұндай тартуына ризамыз. Міне, отбасымызда осындай жанға жағымды жаңалықтардың орын алуының барлығы Елбасының сындарлы саясатының арқасы.
Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, атасы басқа болса да Отаны бір қаншама этностарды біріктіріп, әлем мойындап отырған Қазақстан атты еліміз жасай берсін! Біздің тілек те, ниет те осы.
Иманқұл ПІРІМҚҰЛОВ,
кәсіпкер.
Есіл ауданы.
