Ұзын-сонар соқпақты артқа тастап, сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның бірімін. Құдай берген азды-көпті ғұмырымның алпыс жылдан астамы қазақ жерімен байланысты. Осы уақыт ішінде келмеске кеткен кеңес үкіметінің дамуы мен құлдырауын, болашағы жарқын Қазақстанның тәуелсіздік алуы мен өркендеуінің куәсі болған екенмін.
Күштеп қоныс аудару жылдары, кейін тың игеру кезінде талай тағдыр тоғысқан қазақ жері түрлі этностың екінші Отанына айналды. Менің ұлтым – адыгей. 1954 жылы Ресейдің Краснодар өңірінен Солтүстік Қазақстан облысына тың жерлерді игеруге келгендердің бірімін. Ол кезде 17 жаста едім. Бүгінгі таңда бұл жастағы бала мектепте оқып жүрсе, біз соғыстың салдарын жоюға тартылдық. Ірі зауыт, фабрикалар мен өндіріс ошақтары бұзылып қалды. Азып-тозған халыққа ішерге – ас, киерге киім жетіспеді. Биліктің шешімімен еңбекке қабілетті азаматтардың барлығы тың игеруге аттанды. Мен трактор, комбайн жүргіздім, жер өңдеп, тұқым септік, күзде егін орып, комбайнмен астық бастырдық. Бір сөзбен айтқанда, жауапты әрі қиын жұмыстарға белсенді араластық. Осылай өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басына дейін егістік басында бел жазбай жұмыс істедім. Кейін аудандарда партия ұйымдарында қызмет атқарып, еліміз тәуелсіздік алған жылдары отбасыммен облыс орталығына көшіп келдім.
Қазіргі Қазақстанды бұрынғы кезеңдермен салыстыруға мүлдем келмейді. Жаңа зауыт, ғимараттар тұрғызылды, тұрғын үйлердің саны артып, жылдан-жылға халықтың жағдайы түзеліп келеді. Балаларымыз, немерелеріміз сапалы білім алып, жастар шетелде оқып жүр. Қазір “Береке” шағынауданында тұрамын. Маңайымызда жас отбасыларға тұрғын үйлер беріліп, былтыр Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды. “Қазақ даласында сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен. Тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналдық”, – деп Елбасы айтқандай, сол біртұтас Қазақстан халқының болашағы – ұрпақтары алаңсыз білімдерін алып, бақытты ғұмыр кешуде.
Қазақстанда тұрып жатқан халықтың бір-бірімен татулығы, бірлігі, достығы көңілге қуаныш пен сенімді қатар ұялатады. Біздің елдегі қалыптасқан достық үлгісі өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Мұның барлығы түрлі этнос өкілдерін бір тудың астына біріктірген достық пейілді бауырмал қазақ халқының арқасында. Бұл құр сөз емес, менің осы күнге дейін көрген-түйгенім. Осы орайда, балаларым мен ұрпағымның тыныштық орнаған Қазақстанда өсіп, өнгеніне қуанамын. Зайыбым Маринамен 60 жыл отасып, бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде 6 немере мен 3 шөбере сүйіп отырмыз. Балаларымның әрқайсысы еліміздің бір кірпіші болып қаланып, туған жердің болашағын баянды қылу жолында әлдерінше еңбектеніп жүр. Олардың қызығына бөленіп жүрген мен де қоғамдық жұмыстардан қол үзген емеспін. Облыстық ардагерлер кеңесіндегі жастарға әскери-патриоттық және рухани тәрбие беру жөніндегі комиссияның мүшесімін. Ел ертеңі болатын жастардың бойына ең ізгі қасиеттерді дарытуда аға буынның қосар үлесі зор ғой, деп ойлаймын.
Аслан НЕХАЙ,
еңбек ардагері.