Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Еріккеннен ол ұстап жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын.
Кеше елге қатер төнгенде
ол жауға қарсы шапты.
Бізді жалмамақ болған ажалды
ер кеудесімен қақты.
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?!
(Хамит Ерғалиев).
Ақын Хамит Ерғалиев бізді бақытты күнге жеткізген соғыс ардагерлерін жырға қосты. Майдангерлерді қалай ардақтасақ та артықтық етпесі анық. Өйткені, олардың ерен еңбегі ұрпақтарының жарқын болашағына жол ашты. Біз соғыс деген зұлматтың аласапыранын көрмедік. Бейбіт елдің төсінде құлынтайдай тебісіп, Тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге туған ұрпақпыз. Алмағайып жылдардың қасіреті мен қайғысын, азабы мен қиындығын тек кітаптан, деректі фильмдер мен соғыс туралы кинолардан көріп хабардар болдық. Сұрапыл соғыс жылдары қазақ халқы да Отанына деген сүйіспеншілігін паш етті. 500-ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Жеңіс жолындағы күрес алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең-байтақ далада да жүріп жатты. Оған дәлел ретінде айтар болсақ, «Правда» газеті 1943 жылғы 6 ақпандағы нөмірінде тұтқынға түскен фашистің мынадай сөзін берген: «Біз ұрыс даласына бардық. Бізге қарсы қараторы өңді жауынгерлер соғысты. Олар асқан ыза-кекпен, үлкен қайсарлықпен соғысқаны соншалық – біз олардың екпініне шыдай алмай, кері шегіндік. Кейін бізбен соғысқан қазақ ұлтының жауынгерлері екенін айтты. Біз әлемде қазақтар сияқты қайтпас ұлт бар екенін білмеппіз», – деген екен.
Мен бала күнімде өжеттілігі өңінен байқалып, қайсарлығы қабағынан аңғарылып тұратын соғыс ардагері, нағашы атамның көзін көрдім. Ол өте салмақты, артық ауыз сөзі жоқ, байсалды кісі еді. Есімді білер-білмес 5-6 жасар шағым болатын. Бала болсам да, сәби жүрекпен, періште көңілмен майдангер атамның медальдарына қызыға қарайтынмын, әңгімесін қызыға тыңдайтынмын. Батыр тұлғалы атамның бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда, санамда жаңғырып тұр. Мен айтқалы отырған ел қорғаған ардагердің есімі – Молдағали Сейткерейұлы. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Совет ауданындағы (қазіргі Аққайың) Аралағаш ауылында Сейіткерей мен Кәнипа есімді жас отбасының тұңғыш ұлы болып дүние есігін ашқан. Еңбек жолын бұрынғы Совет ауданы Төңкеріс колхозында қатардағы колхозшы болып бастайды. 1941 жылы жас жігіт педагогикалық училищенің бірінші курсына түседі. Бірақ Ұлы Отан соғысы басталып, оқуын аяқтай алмай қалады. Өз қатарластарымен бірге әскер қатарына шақырылып, Гурьевтегі құрлық училищесінің алты айлық дайындық курсынан өткен сержант соғысқа аттанады. Жалғыз ұлының амандығын тілеп, ауылда ата-анасы қалды.
Ол алдымен, Сталинград маңында ұрысқа енді. Бұл жердегі шайқастың өте ауыр болғаны белгілі. Осы кескілескен ұрыстарда Молдағали Сейткереев те асқан ерлігімен көзге түсті. Сталинградта немістерді талқандағаннан кейін атамыз Румыния мен Венгрияны азат етуге қатысады. Майданда жүріп үш рет ауыр жарақат алған. Гитлершіл Германиямен шайқас аяқталса да, атамыз Жапон самурайларына сазайын тарттырғаннан кейін ғана елге оралды. Баласының соғыстан сау оралуын аңсап-армандаған анасы жансыз қуыршақты жаялыққа орап: «Бұл менің немерем – Сағындық» деп, Алладан медет тілеп, жалғыз ұлы Молдағалидың қайнаған майданнан елге аман оралуын, одан немере сүюді армандаған екен. Бауыр еті баласына деген анасының жүрекжарды сағынышы осылайша көрініс тапқан. Шешесі Кәнипаның осынау арманы орындалып, ақ түйенің қарны жарылған күн 7 жыл сағына күткізіп жеткен. Ол 1947 жылы туған жері Аралағаш ауылына аман-есен оралғаннан кейін бірден еңбекке араласып, мал шаруашылығының бригадирі, ферма меңгерушісі, зоотехник әрі бөлімше басқарушысы болып істейді. Коммунистер Молдағали атамызды бірнеше рет бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайлаған. Ардагер бейбіт өмірдегі жемісті еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
Әскери қызметтен оралған балдызын Әубәкір жездесі текті жердің қызы Сара есімді бойжеткенмен таныстырады. Екі жас көп ұзамай үйленіп, шаңырақ құрған. Майданнан аман оралуын аңсап күткен ата-анасының сағынышы мен тілегіне орай, дүниеге Сағындық есімді ұл келді. Сара мен Молдағали 8 перзент сүйіп, өнегелі отбасын құра білді. Ұлдары – ұяға, қыздары қияға қонған баянды ғұмырлары бақытқа толы болды. Олар алтын тойларының қызығын да бірге көрді.
“Батыр атам, сен менің
жүрегімде,
Асыр салып аруағың
жүр өмірде.
Аруағыңды жырыммен
бір нақыштау,
Арманым да, ойым да, тілегім де…”, – деп Мұқағали ақын жырлағандай, майдангер атам туралы естеліктерді қайта жаңғырту менің перзенттік парызым деп есептеймін.
Алланың адам баласының маңдайына жазған тағдыры болады. Тарихымызда тағдырлы тұлғалар көп-ақ. Ал менің нағашы атама бұл теңеу ерекше жарасымды көрінеді маған. Неге десеңіз, қан майданның қақ ортасынан табылып, кеудесін оққа тосқан, үш мәрте ауыр жараланса да, періштесі қағып-желеп, жүрек жұтқан жауынгердің жеті жылдан соң туған жеріне аман-сау оралуы, содан кейін еңбек етіп, бақытты отбасын құруы, перзент сүюі – пешенеге бұйырған үлкен бақыт!
Тағдырлы тұлғаның ерлігі ешқашан ұмытылмайды!
Балжан БЕКМАҒАМБЕТ,
Қазақ Ұлттық өнер университетінің
4-курс студенті.
Астана қаласы.