Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 9 маусымында кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді. Бұл шынында да, еліміз үшін өте маңызды қадам деп ойлаймын.
Мемлекетте билік алмасқан кезде оны уақытша басқару – қажеттілік. Бірақ Президентті халық сайлайды. Президент оның мерзімін алысқа ұзатпай, жақын арада өткізуді ұсынды. Мен саяси жағынан ұтымды бұл шешімді қолдаймын. Өйткені, қазіргі Президентіміз әлемде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайланған мерзімін аяғына дейін жеткізуші, уақытша тұлға ғана болып қабылдануда. Ал бізде дүниежүзінің көптеген елдерімен екіжақты қарым-қатынас орнатылған. Маңызды мәселелерді шешуде уақытша тұлғаға деген сенім берік болмайды. Сайлауда жеңген Президенттің өкілдігі толыққанды болады және оған деген сенім еселеп артады.
Мемлекет басшысы өзінің сөзінде алдағы сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беретінін атап айтты. Барлық үміткерге жан-жақты мүмкіндік жасалады. Бұл қазақстандық барша сайлаушылардың ертеңгі күнге сенімін нығайтады. Бізге Қазақстанды алға жетелейтін, тәуелсіздігіміздің баянды болуына бар күш-жігерін жұмсайтын және қолымыз жеткен табыстарды еселейтін, бейбітшілік пен татулықтың сақталуы үшін аянбайтын Президент керек. Сол арқылы бүкіл әлемге бірлігімізді, ынтымағымызды, саяси сана-сезіміміздің жоғары екендігін паш ете аламыз.
Ендеше, Президент сайлауына бір адамдай қатысайық, өйткені, бұл тағдыршешті кезең.
Екпін ӘБИЕВ, “Екпін – 2002″ ЖШС-нің директоры.