
Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қызылжарлық Қазиза Мұсайыпованы Халықаралық қарттар күнімен және 80 жасқа толуымен құттықтады.
Қария облыс әкімінің орынбасарына өз өмірбаяны мен балалары туралы толғана әңгімеледі.
– Облыс орталығына көшіп келгенімізге биыл 15 жыл толды. Оған дейін әр салада шамам келгенше еңбек еттім, – деді ол.
Өмірлік қосағы, Ұлы Отан соғысының ардагерінің өмірден өткеніне тура 35 жыл болған. Кезінде үйдің де, түздің де жұмысын ақсатпаған ақ жаулықты ана 10 құрсақ көтеріп, балаларын тәрбиелеп өсірген.
– Құдай қосқан қосағыммен еңбек ете жүріп, 3 ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсірдік. 1971 жылы “Ардақты ана” атағына да ие болдым. Бүгінде балаларым өз отбасыларын құрып, түтін түтетуде. Олардан 14 немере, 8 шөбере сүйіп отырмын. Алтыбай деген ұлым Алматыда, ал Оразбай деген екінші ұлым Мәскеуде тұрады, кәсіпкерлікпен айналысуда. Мына пәтерді де сатып әперіп, жағдайымды жасап отырған да осы ұлдарым. Құдайға шүкір,тағдырыма дән ризамын, – деді Қазиза Мұқашқызы қоштасарда.
Шара соңында Анархан Қалиқызы қарияға өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, арнайы әкелген тоңазытқышты тарту етті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.