«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН

1948 жылы тамыз айында Баян ауылындағы екі бөлмелі ағаш үйге қоныс аудардық. Бұл Үкібастың Тұрлыбайының үйі еді. Шамамен, 1940 жылдары салынған болуы керек. Ертеде әр атаның баласы 5-15 үй болып түтін түтететін. Кісі қайтыс болса, өздерінің зиратына жерлейтін. Тұрлыбай зираттың бірінде өскен қайыңды кесіп, тоғыз метрлік екі бөлмелі үйге арқалық салған. Үлкендер ағаш өскен жерде әулиенің бейіті болған деседі.

Ал үйдің ортасында мәткеге аша ғана тіреу болатын. Ортада үлкен пеш орна­ласқан. Жанында биік қазан тұратын. Үйдің есігі кең еді. Қытымыр қыста жаңа бұзаула­ған сиырды үйге кіргізіп сауатын. Кіребе­ріске еден төселмеген. Онда бұзау, лақ, қозы сынды жаңа туған мал төлдері тұра­тын. Ашаға дейін шолақ сәкі, оның үстінде төрт қап бидай сиятындай жәшік орна­ласқан. Сол жәшікті әкем Бәри 1942 жылы 16 сәуірде соғысқа аттанар алдында би­дайға толтырып кеткен болатын. Анам Қайыржан Болатқызы қол диірменмен би­дайды үгіп, нан пісіріп, тамақ істейтін. Би­дай ескірмес үшін жылына екі рет кепті­ретін. Азайып қалса, жазғытұрым масақ теріп, толтырып қоятын. Әкем 1946 жылы әскерден келгенде сол жәшік бидайға толы болды. Сонда анама таңғалып еді. Кейін бидайды үктіріп, ауылды шақырып, құр­малдық бергені есімде.

Ол кезде үйде жөнді төсеніш те бол­майтын. Келген қонақтар ұзын шүберек тө­селген дастарқаннан сарымай, ірімшік, құрт жеп, шай ішкендеріне риза болып, ес­телік айтып, бір-біріне амандық-саулық ті­леуші еді. Барлығы ынтымақ-бірлікте өмір сүрді.

Бірде түс көрдім. Бидай салған жәшіктің орнында парта тұр екен. Сол партада шашын екіге жара өрген, үстінде ақ жағалы мектеп формасы бар кішкентай қыз отыр. Орнынан тұрып: “Мен осы үйге қыз болуға келдім. Атым – Нағима”, – деді. 1939 жылы дүниеге келген қарындасым Нағима алты жасында қайтыс болған еді. Біраздан соң әлгі қызды екінші рет түсімде анық көрдім. Ол тағы да сол сөзді қайталады. Бет-әлпеті де дұрыс аңғарылды. Таңертең оянып, анам Қайыржанға көрген түсімді айттым. Бала күнімнен қалыптасқан әдет бойынша анамды атымен, әкемді аға деп атай­тынмын. Қайыржан түсімді жақсылыққа жорыды. “Алла тағала саған періштелер арқылы аян беріп тұрғандай. Түсіңде көрген қыз келешекте келін болатын шығар. Бірақ мектепте оқитын көрінеді. Шашы қазақша өрілген болса, текті жерден шыққан. Тәрбиелі, инабатты болар”, – деп сөзін аяқтады.

Мен анамның айтқан әр сөзін мұқият тың­дадым. Қиялға ерік берген жүзімді бай­қаған Қайыржан ел аман, жұрт тыныш бол­са, арманымның орындалатынын, әрқа­шан ақыл мен сабырға ерік беріп, бақытты ғұмырға қол жеткізетінімді айтты. Анамның бұл сөздері маған күш-қуат берді. Көңілім көтеріліп, мерейім тасыды. Осыдан кейін өмір толқыны мені бақытты күндерге же­телегендей. Ал біз сол үйде 1965 жылға дейін тұрдық.

Уақыт пойыз сияқты жүрдек қой. Арада бірталай жыл өтті. Алдымен ауылда жұ­мыс істедім, одан кейін студент болдым. Өткен ғасырдың 1963-69 жылдары Пет­ропавл қаласындағы балалар музыка мек­тебінде сабақ бердім. Одан кейін Баян орта мектебінде еңбек еттім. Бірде қала­дағы №2 қазақ мектеп-интернаты дирек­торының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары марқұм Ғалым Қадыралин­нен хат алдым. Онда қалаға келіп, мектеп-интернатта домбырадан балаларға сабақ беруді жалғастыру қажет екенін айтыпты. Ғалым ағай маған жас маман ретінде пәтер беру мәселесі қарастырылып жатқа­нын жазып, облыстық білім басқармасына жолығуға жөн сілтеді. Сөйтіп, Петропавлға аттанып, облыстық оқу бөлімі бастығының қабылдауында болып, пәтер мәселесі түбегейлі шешілді.

Шіліңгір шілденің соңғы күндерінің бі­рінде Конституция көшесімен келе жатып, Баян ауылында тұратын ағайынымыз Еркін Қапезовті жолықтырдым. Ол Зареч­ный кентіндегі құдасының үйіне тоқтаға­нын айтып, кешке сонда келуімді өтінді. Бұл Құмпидың үйі болатын. Сол жерде мен өмірлік серігімді, жарымды жолықтыр­дым. Құмпидың туған күнінен басталған На­ғима екеуміздің таныстығымыз достыққа, кейін махаббатқа ұласты.

Нағима әнді керемет орындайды. Сон­дықтан, алдымен, оның өзіне емес, әндері­не ғашық болғандаймын. Даусы құлаққа жа­ғымды, үні жұмсақ. Ол – әнші, мен – күйші, екі жарты бір бүтін болдық. Үлкендердің ақ батасын алып, жаңа өмірге қадам бастық. Біздің үйлену тойымыз ауылда өтті. Ол кезде қазіргідей мейрамхана жалдап, 200-300 кісі шақыру жоқ. Әйтеуір, барымызбен базарладық. Бірақ дастарқанда ет, қымыз мол болды. Ауылдағы адамдардың пейілі тарылмаған, көңілі кең шақ еді. Сондықтан да той қызықты оқиғалармен есте қалды.

Арада жарты ғасыр уақыт өтсе де, сол ұмы­тылмас күндерді жиі еске аламын. Нағима екеуміздің сыйластығымыз жарасып, 50 жыл бірге тату-тәтті өмір сүрудеміз. Қазір үйленбей жатып, шаңырағы шай­қалып, тағдыр жолы екіге айырылған жас жұбайларды көргенде алай-дүлей күй кешемін. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдыр­ламай тұрмайды. Бірталай қиындық та орын алуы мүмкін. Ерлі-зайыптылар әр іс­тің байыбына бармай, байбалам салмауы керек. Жұбайлар бір-біріне түсіністік таны­тып, қиындықты жеңсе, бақытқа кенеледі. Құдайға шүкір, мен бақыттымын. Нағи­маны жолықтырған тағдырыма ризамын. Асыл жарым екеуміз үш баланы тәрбие­леп, өсірдік. Бірақ өзекті өртейтін өкініш те жоқ емес. Тұңғышым Думан ерте дүние салды. Жүректегі жазылмас жара осы. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Ендігі тілеуім – ұл-қызымның амандығы мен ел-жұртым­ның тыныштығы.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp