«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒДЫРЫ – ТАРИХ, ІСІ – ӨНЕГЕ

Жұмабек Тәшенов 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысы Аршалы ауданы Танагүл ауылында дүниеге келген (қазіргі Береке ауылының маңайында). Бұл елді мекен жойылып кеткен, тек Танагүл көлі мен көне зират қана бар. Әкесінің азан шақырып қойған аты – Тәш-Мұхаммед Жақсыбайұлы, сөзі өтімді, беделді кісі болған. Анасы – Гүлсім. Тәшекең 1917-1924 жылдары Бабатай ауыл шаруашылығы фермасында,

1924-1930 жылдары Вишнев ауданының Мартынов және Александров (қазіргі Жалтыркөл және Жібек жолы) ауылдарында жергілікті ұжымның малын баққан. 1933 жылы туберкулез ауруынан мезгілсіз көз жұмған.

Жұмабек Қасен, Манап деген ағаларымен, Бидан (Бибінұр) және Сақыш (Сақыпжамал) деген қарындастарымен бір кіндіктен өрбіген. Оның өз қолымен жазған өмірбаянында кедей отбасынан шыққандығы, қазан төңкерісіне дейін меншіктерінде бір жылқы мен сиыр ғана болғандығы айтылады. Бәрі бір пиманы қыста кезектесіп киіп шыққан. Тәшеннің Ахмет деген ағасының балалары болмағандықтан, ата-анасы Жұмабекті сол кісінің бауырына салған. Кейін Жұмекең және ағасы Манап тегін өз әкесінің атына «Тәшенов» деп өзгертеді, бірақ «Ахметұлы» болып қалады.

Жұмабек тұрмыс жағдайына байланысты еңбекке тоғыз жасынан бастап араласып, әкесінің қасында ағаларымен бірге орыс шаруаларының малын бағады. Бала кезінде таршылықта өмір сүргеніне қарамастан батыл, намысшыл, тура сөйлейтін, еркін мінезді, еті тірі болып өседі. Алғашқы сауатын Вишнев ауданындағы «Шаруашылық жастар мектебінде» (1928-1930 жылдары) ашады. Осында оқи жүріп, комсомол жастар ұйымына жетекшілік етеді. Жұмабек 1933‑1934 жылдары Ақмола темір жол-құрылыс техникумында екі жыл оқығаннан кейін мемлекеттік қызметке шақырылады. 1934‑1939 жылдар аралығында Ақмола облысы Вишнев, Қарағанды облысы Нұра және Солтүстік Қазақстан облысы Совет, Бейнетқор аудандық атқару комитеттерінде жауапты хатшы болып қызмет атқарады. Негізі ол кісінің солтүстік өңірге кетуінің себебі бар. 1937-38 жылдары ел ісіне араласқан белсенді Алаш азаматтарының қуғын-сүргінге ұшырағанын жұрт біледі. Сондай қауіп Жұмекеңе де туса керек. Ауылдың үлкендері Жұмабекті қара тізімге ілініп кетуінен сақтандырады. Сонымен бір түнде теріскейге қарай бас сауғалайды. 1939‑1943 жылдары сол жақта жер бөлімі бастығының орынбасары қызметіне көтеріледі. Өз ісіне өте жауапты, білімді, білікті және ерекше басқаруға қабілетті маман болғандықтан, облыс басшылығы соғысқа жібермей алып қалады. 1945 жылы Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары және мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылады. 1947‑1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1948‑1951 жылдар аралығында облыстық атқару комитетінің төрағасы болып бекітіледі. Мәскеудегі СОКП жанындағы Жоғарғы партия мектебін сырттай тамамдайды. 1952 жылы Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне тағайындалады. 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағалығына сайланады. 1960 жылы 45 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағалығы атанады. Осы қызметтерде жүргенде Жұмабек туған елі үшін тарихи маңызды істер атқаруға бел шеше кіріседі. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы Бүкілодақтық Лениндік сыйлыққа ұсынылады, қазақ ұлтының ондаған талантты жастары үкіметтік аппаратқа тартылады, күріш өсіруші Ыбырай Жақаев пен қойшы Жазылбек Қуанышбеков екі рет Социалистік Еңбек Ері атанады, КСРО Қорғаныс Министрлігі басшылығының алдына Рақымжан Қошқарбаев пен Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылады, белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне 120 пәтер беріледі, қазақ тіліндегі республикалық газеттерді («Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» және т.б. газеттер) жабу туралы Мәскеу ұсынысы қабылданбайды.

Бір өкініштісі, ел тұтастығы үшін күресте Ж.Тәшенов жалғыз-жарым қалды десе де болады, қазақтың саяси элитасының ішінде оны қолдайтын бірде-біреуі табылмады. Қайта шешім қабылданар сәтте қалыс қалғандар мен қарсылар көбейді. Ол тек өзінің білімділігімен, парасаттылығымен, ұлтжандылығымен Республика Конституциясын, шекаралық аумағының тұтастығын сақтауда белден басып үйренген Мәскеу өктемдігінің бетін қайтарып отырды. Атамекенді бөлшектеп, саудаға салуға жоғары басшылар арасынан Ж.Тәшенов қана ашық және табанды түрде қарсы шығып, көзі тірісінде есімі аңызға айналды. Оның тегеурінді қарсылығы арқасында Қазақстанның 600 мың шаршы шақырым аумағы сақталып қалды. Бес облыстан құралған «Тың өлкесі» республиканың тауарлық астығының 89 пайызын беретінін ескерсек, күрескерлік тұлғасы ашыла түсері сөзсіз.

Хрущевтің шовинистік сасық пиғылына ашық қарсылық көрсеткені үшін Жұмабек Тәшенов Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен босатылып, бес ай жұмыссыз жүреді. Кейін Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының қатардағы орынбасары қызметіне төмендетіліп жіберіледі. 1975 жылы наурыз айында мемлекеттік қызметтен шұғыл түрде зейнетке шығарылады. Заң бойынша берілетін 500 сом зейнетақының орнына 180 сом ғана тағайындалады. 60 жастағы Жүкең амалсыз Қаракөл ғылыми- зерттеу институты директорының орынбасары, ғылыми-техникалық орталық директоры қызметтерін атқарады. Ел ағасы болып танылған ол халықтың шынайы құрметіне бөленеді. Жанқиярлық еңбегі үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталады.

Шымкентте өткен бір алқалы жиында атақты Бауыржан Момышұлы өзін кеу-кеулеген топқа елеусіздеу отырған Жұмекеңді көрсетіпті: «Біле білсеңдер, төбелеріңе көтеретін азаматтарыңыздың бірі – осы Жұмабек Тәшенов. Қазақ ұлтының болашағы, жерінің тұтастығы үшін басын бәйгеге тіккен, қызметінен намысын биік қойған ардағың осы», – деген екен. Соқтықпалы соқпақсыз өмір жолын бастан кешірген аяулы азамат 1986 жылғы қарашаның 18 күні 71 жасында дүниеден өтті. Туыстары туған жері Ақмолаға, ата-бабасының қасына қоюды ұйғарған. Бірақ ақсақалдар ақылдаса келіп, Шымкенттегі үлкен зиратқа жерлеуді жөн деп шешкен. «Уайымдамаңыздар, Жұмекеңдей қазақтың біртуар батыр ұлы осында жатқандығы туралы ұрпақтардың ұрпақтарына жеткіземіз, ұмыттырмаймыз!» – депті туыстарына. Бұл туралы жеңгесі (ағасы Манаптың жұбайы) Дәметкен апайдың өз аузынан естіген едім.

Жұмекең – өмір бойы халқымыздың тәуелсіздігін армандап, қазақ халқының өз жерінде өзі қожайын болуын аңсаған, соңғы демі қалғанша ұлтына қызмет етіп, қазақтың жері үшін күрескен, халқына адал, ел игілігі жолында асқан жауапкершілікпен еңбек еткен қайраткер тұлға. Қандай мәселе болсын әділдікпен қарап, көзқарасын батыл қорғайтын. «Халық үшін жан пида!» деп өткен асқақ рухты Жұмабек Ахметұлы сынды қазақтың озық ойлы азаматының тағдыры – тарих, ісі – өнеге. Оның туған халқының алдындағы үлкен ерлігінің бірі – сұрапыл дәуренде Қазақстанның солтүстік аймағындағы байлығы шалқыған, егін-жайы толқыған бес облысын көрші республикаға қосудан аман алып қалуы дер едік. Белгілі ақын Темірхан Медетбектің «Хрущевтің кесірінен Қырымнан айырылып қалдық деп, енді қайтарып алудың амалын таба алмай, еңірегенде етектері толып кететін ресейліктердің зарын естіген сайын Жұмабек Тәшеновтің аруағына қайта-қайта бас иесің!» – деуі тегін емес. Бабаларымыз аманаттап кеткен ұлан-ғайыр киелі жерді талан-тараждан қорғап қалған Ж.Ташеновті халық «Кісендеулі жолбарыс» деп атап кеткен.

Соңғы кездері бұл кісі туралы естеліктер, мақалалар біршама жазыла бастады. Астана қаласындағы көшеге аты берілді, ескерткіші ашылды. Басқа қалаларда да есімі ескерусіз қалған жоқ. Соңғы қызмет орны Шымкент қаласында тұрған үйіне «Бұл үйде 1961- 1976 жылдары Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшенов тұрған» деген жазуы бар ескерткіш тақта қойылды.

Әйтсе де, есіл ер есімін ұлықтауда әлі де жетіспейтін жақтар бар. Оның халқына, еліне, туған жеріне сіңірген еңбегі «Халық Қаһарманы» атағына әбден лайық. Сонымен қоса осы заманғы тарихи оқулықтар мен энциклопедияларға оның өшпес ерліктері туралы мәліметтердің толық енгізілуін қалаймыз.

Ерекболат ҚАБЫЛДА,

тәшеновтанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp