
Қолыма қалам алып, редакцияға хат жазуыма марқұм қайын атам Ысқақ Көшеровтің тағдыры арқау болып отыр. Өмірде кездескен қиындықтардың бәріне шыдап, от пен оқтың ортасынан аман келіп, еліне еңбегі сіңген аяулы атамызды Жеңіс күні қарсаңында еске алып, жүріп өткен өмір жолы туралы баяндауды жөн көрдім.
Соғыстан оралған атамыз қырманда еңбек етті, ауылдық тұтынушылар одағының төрағасы болды. Артында өшпес ізі – жеті баласы қалды. Ол кісінің қазақтың аймаңдай азаматтарының бірі, солақай саясаттың құрбанына айналған Әбдірахман Айсаринның туған інісі екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Елге белгілі тұлғалармен сыйлас, аралас-құралас болды, қонақ түсетін берекелі шаңырақтардың бірі еді. Ол кісінің ақыл-кеңесіне жүгінетіндер, сұхбат құрғысы келгендер де көп болды. Алайда, өзінің өмірі, бауырлары жайлы сыр ақтарып, көп айта бермейтін. Тек 1978 жылы жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевқа берген сұхбатында өмір жолы, тағдыры жайлы қысқаша баяндаған екен.
Ысқақ Көшерұлы 1900 жылы қазіргі Шал ақын ауданында дүниеге келген. Бір әкеден 15 ұрпақ өрбіген, оның жетеуі ұл. Өкінішке қарай, 1917 жылы жеті бірдей баласы сүзектен қайтыс болып, ұлдардан Махмет, Әбдірахман мен Ысқақ үшеуі ғана тірі қалған. Сол жылы ағасы Әбдірахман Троицкий қаласындағы Уәзифа медресесіне оқуға аттанады. Арада екі жыл өткен соң Ысқақ та оқуға бармақ болады, бірақ әкесі құптай қоймаған соң, ренжіп, көрші Семиполка ауылына кетіп қалады. Сондағы орыстарға жалданып, ақша табады. Бұл қазақ жеріне Колчак әскері келіп, ақ пен қызылдың қырқысып жатқан кезі болатын. Ел ішін ашаршылық жайлап, бастан бақ тайған заман еді. Осы кезде бауырын іздеп Әбдірахман келе қалады. Ысқақты ауылға, отбасына қайтуға үгіттеп, жазда мұғалімдер училищесіне оқуға түсуге көмектесетінін айтып, уәде береді. Ысқақтың қыс бойы еңбек етіп, тапқан бидайы, екі өгіз бен жылқысы бір әулеттің аштан өлмей, аяққа тұруына көп көмек болады. Ол бала күнінде ауылдағы Әуел, Сәни деген молдалардан оқып, ескіше хат таныған екен. Бауырының оқуға зеректігін, білімге құштарлығын көрген Әбдірахман оны 1920 жылы мамыр айында Петропавл қаласында ашылған мұғалімдер курсына жазғызады. Сәбит Мұқанов, Баймағамбет Ізтөлин, Баязит Жантөрин, Іскей Жұманов, Шәйін Тілегенов, Баймұрат Жақыпов, Нұрғали Ақбасов, Есім Аманжолов секілді өзі теңдес жігіттер секілді ағасына ілесіп Ысқақ та Қызылжарға келеді. Ямской көшесінде тұратын Қайназар есімді кісінің пәтеріне орналасады. Көп уақыт өтпей Әбдірахман Омбыға рабкоптың оқуына аттанады.
Мұғалімдер курсы айналдырған үш-төрт айдың ішінде аяқталып, оны бітіргендерді өз ауылдарына мал мен жанның санағын жүргізуге жібереді. Елге оралғасын Ысқақ Көшерұлы Тұяқбай ауылында бала оқытуды қолға алады. Балшықтан салынған тар, сәкісіне шөп төселген баспанада оқушыларды жазу-сызуға үйрете бастайды. Алғашында жалақы төленбейді, қосымша қызмет атқара жүріп, бала оқытуды тастамайды. Шәкірт тәрбиелеуді өзіне парыз санаған. Атамыздың алғашқы шәкірттерінің бірі – республикаға танымал ұстаз Сейтен Сауытбеков еді. Қандай кедергілер болса да бала оқытсам деген мақсатынан танбаған ол жұмысын жалғастыра береді. 1933-1937 жылдар аралығында Майбалық ауылындағы мектепте еңбек етті. Облыстық атқару комитетінің ағарту бөлімінде жұмыс істеп жүрген ағасы Әбдірахман ұсталып, атылғаннан кейін Ысқақты да тергей бастайды. Тырнақ астынан кір іздегенмен, ешқандай кінә табылмағасын ақыры босап шығады. Бірақ туған жерге оралмай, Қызылжардан тура Омбыға аттанып кетеді.
1941 жылы соғыс басталғанда, Ысқақ Көшерұлы сол жақта әскер қатарына алынып, Волков майданындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Ленинград блокадасын бұзуға қатысып, “Ерлігі үшін” медалімен марапатталады. 1943 жылдың наурызында жараланып, 5 ай госпитальда жатып емделген соң елге қайтады. Сол жылы ауылға келгесін анамыз Хадишаға үйленіп, төрт ұл, үш қыз сүйді.
Туған елге келіп, есін жиған майдангер туысқандарын түгендей бастады. Ағасы Әбдірахманнан қалған үш қыздың бірі Айманды бауырына басып, бойжеткізді. Бәрімізге қамқор еді. Мен ауылда мұғалім боп еңбек еттім. Сол кезде маған картоп аршытпаңдар, ертең оқушыларының алдында қолы жарылып тұрса ұят болады деп енеме тапсырады екен. Міне, осындай жанашырлығы мен қамқорлығын көріп өстік. Атам марқұм 1981 жылы 81 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ал енеміз Хадиша 2001 жылы қайтыс болды. Атам – асылдың сынығы еді. Өмір бойы адал еңбек етті, балаларын да адалдыққа, адамдыққа баулыды.
Шырақ едің, сәуле едің, ай едің,
Жаның толы, мейірімге бай едің.
Ілім, білім, тәрбиеге қаныққан,
Үлгі алар ер атына сай едің, – деп еске алудан басқа амалымыз да жоқ. Ысқақ Көшерұлы елге үлгі боларлықтай ғұмыр кешті. Тағдырдың талайына қанша түссе де, еңсесін түсірген жоқ. Ұрпағына да соны аманаттап кетті.
Орынбасар КӨШЕРОВА.
Петропавл қаласы.