«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒДЫР ДЕГЕН ТӘҢІРІМЕ РИЗАМЫН

Он бір балаға өмір сыйлап, тентекке “тәйт” демей, “айналайын” деген бір ауыз сөзімен бәріміздің жүрегімізге жол таба білген асыл анамның ақылымен ұстаз болуға бел будым. Осы мақсатқа ұмтылып, жоғары оқу орнына түстім. Қолыма диплом алған соң осы салада біраз жылдар еңбек еттім. Сол кездері өмір ағысы кешікпей мені журналистер қатарына қосады деп ойламаппын.

Жеке өмірімде орын алған бірталай өзгерістерден кейін ұстаздық жолмен қош айтысуға тура келді. Сөйтіп, Қызылжар аудандық пошта бөліміне аудармашы болып жұмысқа орналастым. Сөз өнерін серік етіп, қаламды қару қылған ұстаз болған адамға аталмыш салада еңбек ету қиындау екен. Жұмыстан қолым босаған кезде бір-екі шумақ өлең шығарып, әңгіме жазу әдетіме қайта-қайта орала бердім. “Осыны кім оқиды дейсің, енді жазбаймын” десем де, қаламға қолым өзі “созылатын”. Сөйтіп жүріп, жүрек толғанысынан шыққан біраз дүниелерімді “Солтүстік Қазақстан” газетіне жібердім. Күндердің күнінде газетті оқып отырып, шағын ғана өлеңімнің шыққанын көріп, қатты қуандым. Тіл жайында жазылған төрт шумақ өлеңге біраз өзгертулер енгізіліпті. Бірақ сонда да осы бір жолдар менің жүрегіме сәуле болып шашылып, үміт дәнін сепкендей болды. Арада біраз уақыт өткен соң әңгімелерім де жарық көре бастады. Осындай жақсы өзгерістерді медет тұтып, сәті түскен күні редакцияға келдім. Мені жылы шыраймен қарсы алған ұжым басшысымен әңгіме үстінде осы салада еңбек еткім келетін ойымды жеткіздім. Бұған дейін менің өлеңдерімді, әңгімелерімді оқығанын айтып, біраз ағалық ақылымен бөліскен ол екі айға созылатын сынақ мерзімімен жұмысқа қабылдайтынын жеткізді. Сөйтіп, ол кезде “Тағылым”, “Шырайлым” қосымшаларының редакторы болып қызмет еткен Фарида Тұяқова, Айгүл Ысқақова есімді қос қарлығаштың қатарларына қосылдым. Шағын және тез, қызықты әрі маңызды етіп, түрлі тақырыпта мәнді де дәмді мақала жазу оңай емес екен, біраз қиналдым. Бірақ қанша қиналсам да осы сала менің жаныма бір табан жақын екенін бар ішкі жан дүниеммен сезіндім. Және осы алған бағыттан айнығым келмеді. Ұжымға қосылған жас маман болғандықтан, аға әріптестерім үнемі маған көңіл бөліп, қалай жазудың қыр-сырын үйретуден жалықпады.  

Екі мүшел жаста аяқ басып, қаламгерлер қатарына жаңа қосылған кезде бүгінде зейнетке шыққан Мұрат Нұрмұқанов, Болат Қожахметов, Амандық Жантеміров сияқты тәжірибесі мол азаматтардан сабақ алдым. Зейнетке шықса да ұжыммен біте қайнаған қайратты қалам иелері, үлгі тұтар ақын, журналист ағаларымызбен бірге еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын.

Газет жұмысын іштен тани бастаған он бес жылдай өмірімді саралап отырсам, осы қайнаған ортада біраз алға басушылықтың болғанын байқаймын. Заман қалай өзгерсе де, алдына қойған мақсатынан айнымай, жақсы іске тілектес, қайғыға ортақтас болып келе жатқан газетіміз күннен-күнге өркендеп келеді. Бүгінде ұжым жас толқынмен толығып, жаңа бағытта жұмыстар жасалып жатқанына оқырмандарымыз куә. Осындай ұйымшыл ұжымның биік белестен көрініп, кемел асу-белдерді бағындырып келе жатқаны, әрине, білікті басшының жемісті жұмысының нәтижесі.

Қатал болса да, әділ мінезімен ерекшеленіп, жақсыны жатқа санамаған Кәрібай ағаның қамқорлығына да дән ризамын. “Қызылжар нұры” қалалық газетінен өзім еңбек жолымды бастаған облыстық басылымға араға уақыт салып, қайта ауыстырып, аға тілшіге дейін көтеруінің өзі – маған артылып отырған үлкен сенім.

Дәуір шежіресі саналатын қасиетті қара шаңырақ бүгін 95 жылдық мерейтойдың төрінен орын алып отыр. Осындай атаулы оқиғаға куәгер болып қана қоймай, газет жұмысымен біте қайнап, қанатымен су сепкен қарлығаштардың бірі болып жүргенімді Тәңірдің берген сыйы деп білемін.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp