«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тағзым

Көктен тілегенімізді жерден беріп, сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіміздің көк туы көкке көтерілген күннен бастап, ақтық демі таусылғанша өлгенімізді тірілту, өшкенімізді жандыру үшін қаламы қолынан түспеген абзал азаматтардың бірі Қобылан Хамзин еді. Ахметжан Нұртазин, Ермек Қонарбаев, Мәркен Ахметбеков туралы кітап жазған ол Құлсары әулиеге кесене тұрғызуға дейінгі 15-20 жылдың ішінде талай істерді тындырды. Әсіресе, Ахметжан Нұртазиннің өлеңмен жазған шежіресі мен нағашысы Мансұр қажының діни өлеңдерін қос кітап қылып, қолға тигізгені сауабы мол іс болды. Ол жайдан-жай Журналистер одағына мүше болып қабылданған жоқ. Мәселен, Құдайберген Қалиев туралы кітабы – кез келген әріптестеріміздің қолынан келе бермейтін дүниелік.

Ол кеңестік кезеңде де мұзжарғыш секілді алпамсадай денесімен алда жүрген ағамыз еді. Иығына үш жұлдыз таққан полковник шеніне ие болған ондай адамдар ол кезде бірен-саран ғана. “КСРО Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері” атағын алды.

Жоғарыда айтылғанындай, ол тәуелсіз елімізге де ерен еңбегін сіңірді. Әсіресе, дінімізді нығайтуға құлшына қатысты. Исламның бес парызын түгелдей орындады: ораза, намазын қаза қылмаудан бастап, қажылыққа баруға дейін – бәрін атқарды. Ол белсенді қажыларымыздың бірі болды: қой бастаған көк серке сияқты маң-маң басып, бастамашыл қалпынан айныған жоқ.

Әрісі – Шал ақынның, берісі – Ахметжан Нұртазиннің туындыларын жаттап өскен оның өзі де бірнеше кітаптарын толтырған өлеңдер жазды. Қобылан қажыны еске алу мақсатында оның екі-үш өлеңін жариялап отырмыз.

 

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА ТАҒЗЫМ

Қазақпын ұлтымды атап мақтанатын,
Егеменді еліммен шаттанатын.
Терең тарих, кең пейіл, салты ерек,
Асты-үсті бай жерім мол сақталатын.

Дінім ислам қанменен бойға сіңген,
Ата-бабам ежелден кәміл сенген.
Туғанда алғаш жұтқан ауаменен,
“Бисмиллә”, “Алла” атымен ақ сүт емген.

Жасымнан Алла атын ұғушы едім,
Молданың тағылымына ұюшы едім.
Баталарда тыңдаған дұғаларды
Ойға тоқып, санама құюшы едім.

Есейгенде естідік теріс үгіт,
Алла атын сақтадық іште бүгіп.
Шариғаттың тәлімін жария ете алмай,
Молдалар да үн шықпай, қалды бұғып.

Советтік заңның көрдік ақ-қарасын,
Бездірген дін жолынан мол қатасын.
Тәңірге тағзым етпей кеткен халық,
Әр кезде тартып жатты өз жазасын.

Жұмақты қолдан жасап береміз деп,
“Коммунизм” дегенді көреміз деп,
Дәстүр менен дінінен азды халық,
Үлкен ұлттың соңынан ереміз деп.

Заман ауып, туғанда жаңа қоғам,
Тәуелсіз, егемендік заңы орнаған,
Еркіндік, дін, дәстүрдің ауасынан,
Тоя жұттық тағылымға көңіл толған.

Қайран қалам Алланың құдіретіне,
Жеткізген Құран сөзін үмбетіне.
Мұхаммад рәсул Алла – рухына,
Ден қойғам ғұмыр бойы тәу етуге.

Құдайдың өзі қалап уәкіл еткен,
Пайғамбардың тағылымы терең неткен.
Алланың айтқан сөзін бұлжытпастан,
Аз өмірде әлемге жайып кеткен.

Өмірін пайғамбардың оймен шолсақ,
Өтіпті қырық жылы тар жол-тайғақ.
Алланың аса сүйген құлы болған,
Пайғамбардың өмірі болмапты ұзақ.

Жүктелген Рәсулге ауыр сындар,
Адасқан ел бағытын жөнге салар,
Жан кешті қасіретке төзе біліп,
Жол тапқан ислам дінін ұғындырар.

Аллаға құлшылықпен халық сенген,
Рәсулдің үмбеті боп соңына ерген.
Миллиондаған мұсылман халқы бүгін
Пайғамбардың рухына сәлем берген.

Бес уақыт намазда – “Аллаһу акбар”,
Жүректе Рәсул Аллаһ ілімі бар.
Алланың рахымынан тілек етсек,
Пайғамбар қамқоршымыз сенім артар.

Өткендерге арнайтын дұғалардан,
Болған емес пайғамбар қалыс қалған.
Мұхаммед Рәсул Аллаһ мәңгілікке,
Алдымызда шам-шырақ сөнбей жанған.

Сену керек исламның тәліміне,
Күтіп тұрған сынақ бар бәрімізге.
Таймайық пайғамбардың ақ жолынан,
Келесі ұрпақ үлгі алып ерсін бізге.

Мұсылмандық жолына түскен дұрыс.
Байқап сөйлеп, жай басып, кетпей бұрыс.
Үлкендерді көрумен өнеге алса,
Жастардың болашағы болар дұрыс.

Сенімім – хақтың жолы, діні – ислам,
Сондықтан дін тағылымын бойға жиям.
Мұхаммед пайғамбардан бізге жеткен,
Екі дүние ілімі үлгім – Құран.
1 мамыр, 2005 жыл.

НАМАЗ

Қасиетті бес парызы мұсылманның,
Жүктелген аманаты бізге Алланың.
Рәсулдің өсиеті орындалса,
Әр пенде сыйын табар бұл жалғанның.

Ежелден ұлы күшке сенген қазақ,
Ислам дінін мойындап алған таңдап.
Мұсылмандық сенім хат белгісіндей,
Бес уақыт намаздың құны қымбат.

Намаз – сенім, исламның қазығындай,
Жанға қорек, бес мезгіл азығындай.
Сенімі жоқ адамның көкірегі бос,
Құлазыған шөл дала жазығындай.

Намаз – сенім, иманға жолдың басы,
Аллаға құлшылықтың іргетасы.
Бес уақыт намаздың сауабы мол,
Жаратқан қабыл етсе ықыласты.

Таң намазын атқарсақ азан айтып,
Бойың сергіп қалады, көңілің шалқып.
Таңнан тұру үлкендер өсиеті:
“Ерте тұрған адамның бір ісі артық”.

Үлкен парыз түс ауа атқаратын,
10 бас намаз “бесін” деп аталатын.
Соңырақ күн кешеймей орындалар,
“Екінді” парыз уақыты сақталатын.

Күн бата шам жағумен бірге келген,
Бес сәжде намаз аты “ақшам” деген.
Ақшамнан біраз кейін атқаратын,
Түнгі намаз “жашиық”, “хуфтан” деген.

Бес намаз – тұнып тұрған Құран сөзі,
Исламды мойындаудың анық өзі.
Аллаға құлшылықтан жаңылмасақ,
Ашылар рақымының бұлақ көзі.
Қазан, 2005 жыл.

 ОРАЗА

Бес парыз Құранменен бізге жеткен,
Мұсылманға аманат, бұйрық еткен.
Рәсулаллаһ Құранды тәржімәләп,
Үммәтіне өсиет айтып кеткен.

Хақ мұсылман Құранды мойындайды,
Алла үкімін күмәнсіз қабылдайды.
Пайғамбардың аманат өсиетін,
Бес парызын бұлжытпай орындайды.

Ораза ұстау – міндеті мұсылманның,
Исламның жолын қуған әр адамның.
Рамазан – қасиетті ай мұсылманға,
Жеңілтер ауыр жүктен арын, жанын.

Оразаның мәні зор ұғынатын,
Талаптары тағылымды бағынатын.
Ішіп-жеуден тыйылу қағидасы –
Ашығу, ас қадірін сағынатын.

Сезінсек аш адамның кешер күйін,
Қадірлеп Жаратқанның берген сыйын,
Оразаның мәнінен туындайды,
“Нашарларға қамқор бол” деген түйін.

Ораза кешірім айы Алла берген,
Тыйылсақ адамға тән нәпсілерден.
Қарсылық, теріс қылық, өрлік істен
Тоқталу талаптары мол жүктелген.

Құранның парыздары біздер үшін,
Қашанда жоғалтпайды бұйрық күшін.
Мұсылман үмбетіне тәуелді еткен,
Өтеу керек Алланың талапты ісін.
Қазан – ораза, 2005 жыл.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp