«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒЫЛЫМДЫ СЕМИНАР

Петропавл қаласындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейінде өңір педагогтеріне арналған семинар өтті. Облыстық білім басқармасының бастамасымен өткен семинар “Оқу-тәрбие үдерісінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың жолдары” тақырыбына арналды. Оған аудандар мен Петропавл қаласы мектептерінен 70-ке жуық ұстаз қатысты.

Семинар барысында “Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырудағы PBL маңыздылығы” (Е.Әубәкіров), “CISCO” желілік академиясы” (М.Қауланов), “Лицей жетістіктері” (М.Жүсіпова), “Тәрбие беру жүйесінде жеке тұлға қалыптастырудағы сыныптан тыс жұмыстар” туралы (А.Төлепбергенов) дәрістер оқылып, химия, орыс тілі, физика, түрік тілі, қазақ тілі, математика, информатика, биология, ағылшын тілі, тарих пәндерінен ашық сабақтар көрсетілді.  

Мұғалімдер өздері қатысқан сабақтарына талдау жасап, алған әсерлерімен бөлісті, әр пәнге баға берді. Жаңа үлгіде өткізілген әр сабақ мұғалімдердің көңілінен шықты.

Физика пәнінің мұғалімі Елнұр Жұмажанов “Күнделікті қолданыстағы электр қуаты және энергиясы” тақырыбына арнаған сабағында үйде токты қалай үнемдеуге болатынын іс жүзінде көрсетті. Оқушылар сабақта үйде жарық жанып қалғанда әрқайсысы отбасы бюджетіне қанша шығын әкелетінін есептеп шығарды. “Біздің мұғалімдер осындай сабақтардан үйренулері керек. Теория мен тәжірибені қалай ұштастыруға болатынын осы сабақтардан көрдік. Сабақ ағылшын тілінде жүргізіліп, арасында қазақша түсінік берілді”, – деген ұстаздар қауымы оқушылардың 4-5 жылда ағылшын тілін қалай меңгеріп алғандарына таңданушылықтарын да жасырмады.

“Бүгінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – білім саласының негізгі мақсаты. Ұстаздар оқушылардың функционалдық сауаттылығын, яғни өмірге бейімділігін, икемділігін, өмірлік проблемаларды өзі шеше алатын қабілеттерін сабақ барысында қалай ашуға болатынын өз тәжірибелері арқылы ұсынды”, – дейді қазақ-түрік лицейінің директоры Ержан Әубәкіров.

Биыл Қазақстан үшінші рет халықаралық “PISA” зерттеуіне қатысқалы отыр. Онда оқушылардың функционалдық сауаттылық деңгейлері сараланады. Шәкірттерді осы сынаққа даярлауда қазақ-түрік лицейі мұғалімдерінің берген сабақтарынан өзіміздің тәжірибемізде пайдалануға болатын көп нәрсеге үйрендік. Бұл семинардың ұстаздар қауымына берген тағылымы мол болды, – деді оған қатысушылар.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp