«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТӘЛІМГЕР

 

Мен Асқар Игібаев сияқты нағыз ұстаз дейтін атқа лайық, тағылымы мол тәлімгермен таныс болғаныма қуанамын. Бар игі қасиетті бойына жинаған тау тұлғалы азамат баршамызға үлгі бола білді. Өз пайдасы үшін емес, қоғамның игілігі жолында қызмет еткен Асқар Игібайұлы жас ұрпаққа сапалы білім, сана-лы тәрбие беруді азаматтық борышы санады. Өнегелі өмірін білім саласына арнады. Соңынан ерген ізбасарларына, яғни жас ұстаздарға ол үлгі көрсетіп, әрқашан тәжірибесімен бөлісетін. 

Асқар Игібаев – ұжымды бір арнаға тоғыстыра білген қабілетті ұйымдастырушы. Николаевка орта мектебінде жылдар бойы жемісті еңбек етіп, шәкірттерінің жүрегіне білім дәнін сепкен тамаша ұстаздар еңбек етті. Олар: Ескендір Нұрымов, Қуанышбай Бимақанов, Қырғыз Мұсабаев, Александра Попова, Федор мен Елена Зенченколар, Күлбарам Иманова, Роза Шәкенова, Қайыржамал Қадырбаева, Надежда Близнецова, Николай Шульгин, Евгений Мамыкин және тағы басқалар. 

Асқар Игібайұлы 1992 жылы құрметті еңбек демалысына шықты да, оқу ордасына басшылық ету маған сеніп тапсырылды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қиын кезеңдермен есте қалды емес пе? Кадр тапшылығы айқын сезілді. Бірақ қандай қиындық орын алса да, Асқар Игібайұлы қолдау көрсетіп, ақыл-кеңес беруден жалықпады. Сондықтан ардақты азаматтың жарқын бейнесі жадымызда сақтаулы. 

Қиын кезеңдерде мектепке демеушілік көмек көрсеткен түлектердің қатарында оның Марат, Мұхтар есімді ұлдары бар. Бұл әке ізін жалғаған ұрпақтың көре-гендігін аңғартпай ма? Мектепте материалдық-техникалық база нығайып, оқу-тәрбие жұмысы жетілдірілді. Физика, биология, мультимедиалық кабинеттер мен компьютер сыныбы пайдалануға берілді. Интернат, шағын орталық ашылып, бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылды. Көптеген жобаларды жүзеге асырып, бірнеше мәрте жас көшбасшылардың республикалық слетіне, пікірсайыстар мен еріктілер қозғалысына қатыстық. Өңірдің үздік ауыл мектебі атанып, биік белестерді бағындырдық.

Сәуле ТАХМЕТОВА, 

білім беру саласының үздігі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp