Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қоры жаңа әдебиеттермен толығып отыр.
Кітапханамыз бұл жолы жас оқырмандарға шым-шытырық оқиғаларға толы “Алтын тостағанды іздеу: Бату мен оның достарының бастан кешкендері” атты туынды ұсынады. Бұл кітап бүгінгі заман желісі бойынша экшн мен балалар детективінің элементтері бар фэнтези жанрында жазылған.
Кітапханамызда балаларға арналған кітаптың сан түрі бар, соның ішінде тақырыптық энциклопедиялардың алар орны ерекше. Бұл жолы қорымыз “Аманаты алаштың” деп аталатын ерекше энциклопедиямен толықты. Кітапта ХХ ғасырдың басында еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің ерлігі баяндалады. Энциклопедия бес бөлімнен тұратын жүйелі-әліпбилік жолмен құрастырылған. Бірінші бөлім Алаш деп аталып, онда Алаш ұғымы, Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш автономиясы, Алаш Орда үкіметі, Алаш милициясы, Алаш қаласы, Алаштану ғылымы туралы танымдық мақалалар берілген. Жалпықазақ съездері бөлімінде Қарқаралы петициясы, Қазақ комитеттері, облыстық, уездік қазақ съездері туралы мағлұматтар жайғасқан. Ал үшінші бөлімде Алаш басылымдары туралы баяндалады. Соңғы тарауда Алаш алыптары Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытов, Жақып Ақбаев, Садық Аманжолов, Мағжан Жұмабаев және тағы басқа азаматтардың өмірі мен қызметі туралы қызықты ақпараттарды табуға болады. Бесінші бөлімде Алаш ардақтыларының еңбектері мен шығармалары жарияланған. Солардың ішінде Әлихан Бөкейханның орыс жазушысы Лев Толстойдан аударған “Жұмыртқадай бидай” әңгімесі жас оқырмандарымыздың сүйіп оқитын шығармасына айналады деген сенімдеміз.
Келесі кітап – белгілі спорт журналисі, қаламгер Оңдасын Елубайдың “Дүниені дүбірлеткен жеті дода” атты туындысы. Кітап “Жанарымда – жасыл құрлық”, “Ежелгі Эллада елінде”, “Турин тағлымы”, “Панда қуанған жаз” сияқты қызықты бөлімдерден тұрады. Оңдасын Елубай көптеген халықаралық спорттық байқауларға қатысқан. Сидней Олимпиадасының шыңына шыққан қазақ спортшыларының жұлдызды шақтарын, сонымен қатар Афина, Бейжің, Лондон, Турин, Сочи, Пхенчханда өткен Олимпиада ойындарындағы жетістіктермен бөліседі. Автор тек жарыс, өзге де спорттық іс-шаралар туралы ғана жазбай, сол барған елдің тарихы, табиғаты мен әдет-ғұрпы жайында да қызықты мәлімет беруге әуестенген. Қаламгер еңбегінде ауыл спорты туралы да біраз мағлұмат бар.
Майра МАҚЫШЕВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы.