Облыстық аналар кеңесі республикалық “Ақ орамал” акциясы аясында кездесу ұйымдастырды. Бұл жолы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, тәрбие мәселесіне сүбелі үлес қосып жүрген көпбалалы аналар студент қыздармен кездесті. Тағылымы мол әңгіме отбасы мен ұлттық салт-дәстүрді сақтау, оларды кейінгі ұрпаққа мирас ету тақырыптарында өрбіді. Алты баланы дүниеге әкеліп, бүгінде 18 немере, 8 шөберенің қызығына бөленіп отырған облыс тұрғыны, “Күміс алқа” иегері Сапура Тәшенова бүгінгі жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керектігін атап көрсетті.
– Әуелде Алла тағала қыз баланы бастық бол, қызмет істе деп жаратқан жоқ. Алдымен бізді ардақты ана бол, сәби тәрбиеле деп жаратты. Сондықтан бүгінгі қыздар әдепті болып өсулері тиіс, – деді ақ жаулықты ана.
Көпті көрген көнекөз қариялар бойжеткендерге келін, ана болудың қандай жауапкершілігі барын өз өмірлеріндегі оқиғалармен ұштастыра айтып берді. Үлкендердің сөзін ықылас қоя тыңдаған студенттер емен-жарқын әңгіме арасында өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ойларымен бөлісті.
– Өнегеге толы мұндай кездесулердің маңызы зор. Аналардың жас қыздарға айтары көп, сондықтан да алдағы уақытта шара өз жалғасын табады деп үміттенемін, – дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Мәдина Рахметова.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.