
Өңірімізде қауіпті індет жұқтырған екінші адам анықталды. 1980 жылы дүниеге келген азаматша Тайынша ауданына қарасты Келлеровка ауылында тұрады. Науқаспен байланыста болған барлық адамдар оқшауланып, мамандардың қатаң бақылауында. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
– Облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы бір науқас тіркелді. Сараптама қорытындысының нәтижесі бойынша қауіпті вирус анықталған науқас облыс орталығына жеткізілді. Бүгінде ол инфекциялық ауруханада ем алуда. Денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда. Дене қызуы бірқалыпты. Онымен жақын байланыста болған адамдар үйде оқшауланып, карантинге алынды, – дей келе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев жалпы облыс бойынша қазір инфекциялық стационарда екі науқас ем алып жатса, 44 адам провизорлық стационарда, 30 адам карантинде екенін айтты. Ал 494 адам үйде оқшауланған. Баспасөз мәслихаты барысында медициналық қызметкерлер арнайы киіммен, басқа да қорғану құралдарымен қамтамасыз етілгенін атап өткен басқарма басшысы қолғап, бетперде мен антисептиктен тапшылық жоғын жеткізді. Оның айтуынша, науқастарға емдеу мекемелерінде стационарлық, жоспарлы, шұғыл медициналық көмек көрсетілетін болады.
Сәуірдің 1-нен бастап Петропавлға кіріп-шығу шектелетіндіктен, облыс орталығына өзге аудандардан қатынайтын науқастарда дәрігердің жолдамасы болуы шарт. Ал қалалық емханалардың жұмыс уақыты бір сағатқа қысқарады. Емдеу мекемелеріне келушілердің саны азайса да, егде жастағы тұрғындар үшін медициналық көмек үйде көрсетілетін болады. Сонымен қатар, егде жастағы тұрғындар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарды амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көзделген. Ал жіті вирустық инфекция белгісі бар, дене қызуы көтерілген науқастар «Жедел жәрдем» шақыруға міндетті.
Баспасөз мәслихатында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов төтенше жағдай кезінде тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан сақтық шараларына тоқталды. Сәуірден бастап облыс орталығына жолаушылар тасымалдайтын көліктерге шектеу қойылып, қоғамдық орындарда сақтық шаралары күшейтіледі. Қонақ шақыру, көршінің үйіне баруға, отбасы мүшелерінен басқа, қоғамдық орындарда топтасып жүруге жол берілмейді. Жанында ересек адам болмаса, кәмелетке толмаған балалар бейсауат жүре алмайды. Тәуекел тобына кіретін және созылмалы аурулары бар 65 жастан асқан барлық адамдар үйде оқшаулануы тиіс. Адамдар көп шоғырланатын орындарға, саябақтарға, скверлерге, жағалауларға, алаңдарға, балалар мен спорт алаңдарына және басқа да демалыс орындарына баруға жол берілмейді. Діни ғимараттарда Құдайға құлшылық етуді, діни жораларды, халық көп жиналатын рәсімдер мен жиналыстар өткізуге (жасауға) жол берілмейді.
Қатерлі індеттің таралуына жол бермеу мақсатында Петропавл қаласына кіріп-шығуға шектеу қоюмен қатар, ойын-сауық сауда кешендерінің жұмысы уақытша тоқтатылады. Қоғамдық көліктер таңғы 6.30-дан кешкі 20.00-ге дейін ғана жолаушылар тасымалдайтын болады. Баспасөз мәслихатында қызмет көрсету, кәсіпкерлік нысандары мен қоғамдық тамақтану орындары қауіпсіздік шараларын күшейтуі тиіс екені айтылды.
– Елімізде орын алған төтенше жағдайларға байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – алда тұрған маңызды міндеттердің бірі. Қалаға кіреберісте блокпост қойылып, бақылау-өткізу пунктінде тәртіп күшейтіледі. Бекетте жүргізушілердің құжаттары тексеріліп, қалаға кіру-шығу мақсаты айқындалады. Анкеталық сұрақ-жауап толтырылады. Сондықтан мүмкіндігінше тұрғындар қалаға қатынауды уақытша тоқтата тұруы тиіс, – дей келе облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев төтенше жағайлар кезінде тәртіп бұзушылар жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
«Солтүстік Қазақстан».
Сурет https://ria.ru/ сайтынан алынды.