«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒЫ БІР ЖОБА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Өткен сәрсенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов қытайлық ВСЕG компаниясының Астана қаласындағы филиалының директоры Чжу Циді қабылдап, өзара бірлескен өңірлік көліктік-логистикалық орталық құру жобасын сөз етті. Онда өңір басшысы алдымен осы бағыттағы облыс мүмкіндіктеріне тоқталды.

– Біздің Солтүстік Қазақстан облысы Оңтүстік Орал темір жолы мен Қазақстан темір жолы тоғысқан маңызды жол торабында орналасқан. Ол арқылы Батыстың және Шығыстың теңіз порттарына жол ашып, Еуропа мен Қытайды жалғастыруға болады. Осындай географиялық тиімді жағдайда орналасқанымызды пайдаланып, шығыстағы іргелі көршімізбен бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігімізді құр жібермеуіміз керек.  

Компанияның өңірімізге ұсыныспен келіп, біздегі жағдайға қанығып, облыстың өнеркәсіптік, құрылыстық және көліктік мүмкіндіктерін саралағысы келетіні құптарлық. Өзіміздің тарапымыздан бұл жобаны зерделеуді “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Есжан Оразалин мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исмановқа тапсырамын, – деді Ерік Хамзаұлы.

Орыс тілінде түсінісе аларлықтай сөйлейтін Чжу Ци сөзін пекиндік ВСЕG компаниясын таныстырудан бастады. Ол Қытайдағы ең үздік 10 бас мердігерлердің бірі көрінеді. Оның жылдық жинақталған айналымы 50 млрд. юаньнің үстінде, жылдық жаңа инженерлік келісімдерінің сомасының өзі 80 млрд. юаньге жақын екен.

Чжу Ци Петропавл қаласында ірі логистикалық жобаны жүзеге асыру үшін өңірдің небары 20 пайыз өз қаржысы жұмсалатынын, қалғанын компанияның өзінің мойнына алатынын жеткізді.

Өңір басшысы облыстың бұл бағытта жұмыс жүргізуге дайын екендігін білдірді.

– Әңгіме ірі халықаралық сауда орталығының құрылысы жайында екені белгілі. Біз бұл жобаға қаражат табамыз, кредиттік арналарымызды пайдаланамыз. Тоғыз жолдың торабындағы темір жолымызбен қоса, қайта құрылатын әуежайымыз да осы мақсатта жұмыс істейтін болады. Қытайлық компания басшыларын дәйектелген нақтылы ұсыныс жобаларымен бір айдың ішінде күтеміз, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp