Өңірімізде қауіпті індет жұқтырған тағы бір науқас анықталды. Бүгінде Ақжар аудандық ауруханасының инфекциялық бөлімшесінде ем алып жатқан сырқатпен байланыста болған барлық адамдар тексерілуде.
2001 жылы дүниеге келген Ақмола облысының тұрғыны көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жүргізу мақсатында Ақжар, Уәлиханов аудандарында болған. 12 сәуір күні өзін жайсыз сезініп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Жас жігіт бірден ақ халаттылардың бақылауына алынды.
Өңірімізде қатерлі індет жұқтырғандар саны 26-ға жетті. Біреуі ауруханадан шықса, 25-сі инфекциялық стационарда ем қабылдауда. Өткен аптада өңірде “COVID-19” індетін жұқтырғандар тіркелген жоқ. Қауіптің беті сейілді деуге әлі ерте. Таяу арада Петропавл халықаралық әуежайы Лондоннан арнайы рейс қабылдайды. Шетелден келетін ел азаматтарының денсаулығын тексеру үшін оларды екі тәулік Петропавлда оқшаулау көзделуде. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі өңір тұрғындары мен шетелден келетін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шаралар қолға алынып жатқанын айтты.
Сурет sm-news.ru сайтынан алынды.