«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒЫ ДА ЕСІРТКІМЕН ҰСТАЛДЫ

Облыстық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері қаржы полициясымен бірлесе жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында Петропавлдағы жеке тұрғын үйлердің бірінде аса ірі көлемде есірткі заттарын сатумен айналысады деген күдікпен 37 жастағы ер адам мен 27 жастағы әйелді ұстады. Тінту кезінде әйел есірткі салынған пакетті ішкиіміне жасырмақ болған. Полицейлер одан 96 грамм героин алды.

Ішкі істер департаментінің Есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы Мұрат Баукенов полиция қызметкерлерінің жарты жылдай бұрын қылмыстық жұп туралы жедел ақпарат алғандарын айтады. Ер адам есірткі қылмысы үшін темір тордың ар жағынан 2013 жылы ғана босап шығыпты. Алайда, ол түзу жолға түсудің орнына өз үйін есірткі сататын қылмыстық ұяға айналдырған. Есірткіні қалада таратуға бұған дейін сотталған және есірткіге тәуелді үш танысы көмектескен. Полиция қызметкерлері оларды айғақ затпен қолға түсірді. Тінту кезінде екі мың дозадан асатын және әрқайсысы есірткіге тәуелді ететін 126,75 грамм героин тәркіленді.

Қазіргі кезде бес күдікті ұсталып, уақытша оқшаулау мекемесіне қамалды. Оларға Қылмыстық кодекстің 259 және 264-баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұрат Баукеновтың айтуына қарағанда, облыс аумағында жыл басынан бері 41 килограмм 670 грамм есірткі заты тәркіленді, оның 2 килограмм 110 грамы – героин, 40 грамы – марихуана, 25 адам есірткі қылмысын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.  

Ольга ШИЯН,

СҚО ІІД баспасөз қызметінің маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp