
Өңірімізде коронавирус жұқтырған тағы екі науқас тіркелді. Облыс бойынша барлығы 36 адам коронавирус жұқтырған.
Өткен аптаның соңғы күндері өңірде төрт адам ауру жұқтырған болатын. Олардың үшеуі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тіркелді. Омбы – Қостанай бағытында жүретін жүк көлігінің жүргізушісі өзі ауырып қана қоймай, ата-анасына да жұқтырған.
Ал облыс орталығындағы медициналық мекемеде ем алып жатқан 44 жастағы азамат – Петропавл қаласының тұрғыны. Ресейдің Сургут қаласынан келген. Қазір науқаспен байланыста болған адамдар саны анықталуда. Ауру ошағы ретінде Хименко көшесі, 6 мекенжайындағы үйдің бір кіреберісі карантинге жабылғанын да айтып өткен жөн.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметі бойынша, 11 мамыр күні қауіпті індет анықталған екі адамның екеуі де Ресейден келген. Отандасымыздың бірі 1997, екіншісі 2001 жылы туған. Олар Түмендегі әскери училищеде білім алады екен. Мамлют ауданының Жаңажол бекеті арқылы 10 мамыр күні өткен курсанттар “COVID-19” вирусына сараптама тапсырып, сол жерде карантиндік стационарға жатқызылған. Зертханалық сараптама қорытындысы олардың жұқпалы дертке шалдыққанын анықтаған соң науқастар облыс орталығындағы бірінші қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне ауыстырылды. Олармен байланыста болған адамдар анықталып, эпидемиологиялық тексеру жалғасуда.
Қазір облыста 6 науқас инфекциялық стационарда ем алып жатса, провизорлық стационарда – 31, карантинде – 61, үйде 434 адам оқшауланған.
Сурет: https://egemen.kz/