«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҚЫРҒА ОТЫРҒЫЗЫП КЕТТІ

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда петропавлдық кәсіпкерді шығынға батырған экспедитордың ісі қаралды.

Бүгіндері аталмыш кеңес мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілерінің арасындағы диалог алаңы саналады. Кеңестің төрайымы Инесса Қуанованың айтуынша, палата қызметкерлері бизнес өкілдерін қорғауда стратегиялық серігі болып табылатын прокуратура органдарымен өзара тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қазіргі таңда олар кәсіпкерлерге түсетін қысымды азайту, әкімшілік кедергілердің алдын алу және бизнесті дамыту бойынша бірлескен шараларды жүзеге асыруда. Үстіміздегі жылдың басынан бері кеңес мүшелері 8 отырыс өткізіп, 24 түйткілдің түйінін тарқатқан.

Кеңесте “Казкад” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәселесі қаралды. Серіктестіктің өкілі Александр Перепадяның айтуынша, компанияның бұрынғы экспедиторы 500 мың теңгенің тауарын алып, тапсырыс берушіге өткізіп, ақшасын қолды қылған. Осылайша, серіктестікке қаржылай зиян келтірген ол өз кінәсін мойындап, компания директорына шығынды жақын уақытта өтейтінін айтып, құқық қорғау органдарына шағымданбауын өтінеді. Алайда, кейін жылпос экспедитор ізін суытқан. Айлакердің тақырға отырғызып кеткенін түсінген директор өткен жылдың қыркүйек айында Петропавл қалалық ішкі істер басқармасына шағымданып, дәлел ретінде аудиторлық сараптама нәтижесі мен экспедитордың жазбаша міндеттемесін ұсынған. Қылмыстық іс қозғалғанымен, дәлел жеткіліксіз болған соң, іс тоқтатылған.

Осылайша, серіктестік директорының палатаның көмегіне жүгінуден басқа амалы қалмаған. Кеңес мүшелерінің дабылымен 17 қыркүйек күні қылмыстық іс қайта қозғалған екен. Дегенмен, әлі күнге дейін процессуалдық шешім шығарылмаған.

– Соталды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі тарап та сұралды. Бірақ жеткілікті дәлел жоқ. Егер біз экспедиторды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы процессуалдық шешім шығарсақ, кінәсіз адамды жауапқа тартқандай боламыз, – деді Петропавл қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Марат Жанғожинов кеңес отырысында.

Қарызды қайтарып алу мақсатындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp