Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Бүгінгі таңда елімізде 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен тірлігі жарасып, тату-тәтті күн кешуде. Өткенге зер салсақ, өзге ұлт өкілдерінің дені кезінде кең-байтақ жерімізге өздерінің тарихи Отандарынан еріксіз көшірілсе, енді бірі кіндік қаны тамған жерлеріндегі қарулы қақтығыстардан жүректері шайлығып, елдерінен жырақ кетуге мәжбүр болды. Ол шақта көбінің таңдауы Қазақстанға ауды. Себебі, егемен елімізде бейбітшілік, халықтар арасындағы достық пен ұлтаралық татулық нық орнаған. Өзге ұлт өкілдерін ешкім өгейсітіп жатқан жоқ. Керісінше, бауырымызға басып, олардың өз тілін, діні мен мәдениетін сақтап қалулары үшін жағдай жасалуда. Оны тәжік ұлтының өкілі Шамсулло Хайбуллоев та жоққа шығармады.
Бұл азамат Қазақстанға 1996 жылы келген. Содан бері Петропавлда тұрып жатыр.
– Немере ағам Джурабек Амиршоев 1964 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Петропавлда өтеді. Осында жүргенде болашақ жарымен танысып, шаңырақ көтеріп, Қызылжарда тұрақтап қалды. Оған қонаққа келіп жүрдім. Қаланың тыныс-тіршілігінен, даму қарқынына қанық болысымен мен де осында қоныс аударуды ұйғардым. Бірақ бейтаныс жерге бірден отбасыммен көшіп келуге жүрегім дауаламағаны рас. Сондықтан жалғыз келдім. Азын-аулақ ақшамды айналымға салып, базарда аяқкиім сатумен айналыстым. Осы аралықта екі жыл уақыт өтіп, шамалы қор жинаған соң әйелім мен балаларымды алдырдым, – дейді Шамсулло Сейфуллоұлы.
Хайбуллоевтардың Қазақстанға қоныс тепкендеріне –18 жыл. Егемен еліміздің дамуына содан бері куә әрі сонымен қатар өсіп-өркендеп келеді. Бүгінде Шамсулло аға мен оның зайыбы Харамбүби екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. Олардың төртеуінің кіндігі біздің жерде кесілген. Тұңғыштары 28-де болса, ең кішісі – 3 жаста.
– Ұл-қыздарымның екеуі бүгінде мектеп бітірді, екеуі әлі оқып жүрсе, екеуі мектеп жасына толған жоқ. Барлығын да қаладағы №21 орта мектепке бердім. Оларға бізбен әңгімелескенде өз ойларын ана тілдерінен гөрі орыс тілінде жеткізген оңай. Себебі, дәрісті орыс тілінде алуда. Десе де, ана тілдері мен ұлттық салт-дәстүрлерін, мәдениетін үйренулеріне елімізде барынша жағдай жасалған. Оны облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені жүзеге асыруда, – дейді Шамсулло аға.
Тілі мен түрі, діні мен ділі бөлек болса да, Қазақстанды өздерінің екінші Отаны деп есептеген өзге ұлт өкілдерінің өскелең ұрпақтары, өздерінің салт-дәстүрлерінен тамыр үзбеуі үшін мұндай мектептердің пайдасы барын уақыт өзі дәлелдеді. Бүгінде мұндай білім ошақтары еліміз бойынша тек Петропавл мен Павлодар қалаларында ғана жұмыс істеп тұр. Бұл да Елбасының көрегендік саясатының жемісі.
– Балаларымыз ата-бабаларының тарихы жайлы ақпараттан сол мектептерден сусындаса, оны одан әрі тереңдетуде Қазақстан халқы Ассамблеясының да орны ерекше. Оған өзім талай жылдан бері көз жеткізіп келемін,– дейді Шамсулло Хайбуллоев.
Бұл азамат бүгінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясындағы “Сомониён Север” тәжік ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары қызметін атқарып келеді. Көпэтносты Қазақстандағы тәжіктер саны жарты миллионға жуықтаса, олардың жеті жүздейі біздің өңірімізде тұрып жатыр. Бұлардың барлығы осы ұлттық-мәдени ұйымға мүше екен.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының өмірге келуі де Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясатының жемісі. Тәуелсіз Қазақстанды мекен еткен біз секілді өзге ұлт өкілдерінің басын бір шаңырақ астына тоғыстырудағы мақсат біздерді бір-бірлерімізбен бір атаның баласындай етіп бауырластыру болып табылады. Бүгінде ол нәтижесіз де емес. Мемлекеттік мейрам болсын, әр халықтың ұлттық қуаныштары болсын, оны бәріміз бірге атап өтеміз. Бұл еліміздегі халықтар арасындағы достықтың, ұлтаралық, дінаралық татулықтың дәлелі, – дейді Шамсулло.
Еліміздің егемендік алғанына биыл – 23 жыл. Содан бері шағын және орта кәсіпкерлік саласы да ел экономикасымен қатар дамып, оның қозғаушы күштерінің біріне айналды. Бұл ретте мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Ол өз ісін ашамын дегендерге тың серпін беруде. Оны кәсібін дөңгелеткен Шамсулло Сайфуллоұлы да айтарлықтай сезініп отыр.
Алғашында күнкөрістің қамымен аяқкиім сатып бастаған жігіт ағасы қазіргі күні аграрлы аймақтың астығын шетелге экспорттаумен, жүк тасымалында экспедиторлық қызмет көрсетумен айналысатын “Хатиджа” серіктестігіне басшылық етеді.
– Мемлекеттің қолдауымен жылдық пайызы төмен несие алып, 2003 жылы жеке кәсіпкерлігімді құрдым. Содан бері шаруамды дамытып келемін. Дәмхана ашу көптен бергі арманым еді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының арқасында оған да қол жеткіздім. Алға қойған басқа да жоспарларым жоқ емес, – дейді кәсіпкер.
Шамсулло Хайбуллоев Қазақстанға келгеніне еш өкінбейді. Оның ішінде өмірінің жиырма жылға жуығын теріскеймен тығыз байланыстырған бұл азамат тәуелсіз еліміздің ертеңі бұдан да нұрлы болатынына кәміл сенеді.
– Тәжікстан өз егемендігін Қазақстаннан үш ай бұрын алған болатын. Десе де, әлеуметтік даму жағынан салыстырсақ, екі мемлекеттің айырмашылықтары жер мен көктей. Қазақстанның көші анағұрлым ілгері. Оның бәрі – Нұрсұлтан Назарбаев секілді білікті Елбасы, көреген саясаткердің арқасы. Ал Тәжікстандағы тұрмыс деңгейі әлі де болса төмен. Халық 1992-1997 жылдар аралығында орын алған қарулы қақтығыстардың зардабын әлі де тартуда. Басқасын айтпағанда, елді мекендердің біразында әлі күнге электр қуаты мен су жоқ. Кіндік қаным тамған жерге жыл сайын барып тұрамын. Оған сонда көз жеткіздім. Тәжікстанның жағдайын Қазақстанның бүгінгі деңгейіне жеткізу үшін шамамен әлі 10-15 жыл уақыт қажет, – дейді Шамсулло Сайфуллоұлы.
Бүгінде Қазақстан мен Тәжікстан арасында қарым-қатынас нық орнаған. Екі ел басшыларының арасындағы екі-жақты келісімнің негізінде тәжікстандық бозбалалар Петропавлдағы Әскери институтта білім алу мүмкіндіктеріне ие болды. 2009 жылдан бастап биылға дейін оны 48 курсант тамамдап шықты.
– Бұл да Қазақ елінің қаншалықты бауырмал екендігінің айғағы. Сондықтан әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін тұмардай қасиет тұтуы қажет, – дейді Шамсулло Хайбуллоев.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
