Аталмыш жобаның елімізде жүзеге асырыла бастағанына алты жылдан асты. Осы уақыт аралығында түлек болып кірген оқу орнынан жас маман атанып шыққан уыздай жастар ауылға ағылмаса да, қарасын суытпай барып жатыр. Тіпті, сол жерде тұрақтап, өз жағдайын да ретке келтіріп, ауыл тұрғындарына да серпіліс әкелгендері қаншама? Екі қолға бір күрек табудан табаны таусылып, сенімі сетінеген талай өренді бұл жоба жұмыспен жарылқап, ақша табуға, еңбек етуге, маңдай тердің өтеуіне алынған адал ас ішуге, ең бастысы, өмірде өз орындарын табуға үйретті. Жұмыссыз жастардың қатары сиреді, жұмысбасты адамдар көбейді.
“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының игілігін көрген жанның бірімін. Астана медицина университетінің “Педиатрия” факультетін бітірген соң еңбек жолымды өзім туып-өскен Есіл ауданында бастағанды жөн санадым. Мен жоғары оқу орнын бітірген жылдары аталмыш жобаның тұсауы кесіліп, енді ғана қолға алынған кезі болатын. Өзіммен бірге бітірген курстас достарымның кейбірі сенер-сенбесін білмей, тіпті, кейбіреулері ауылға барып жұмыс істеуден тартыншақтап жатты. Ал мен болсам, ойланбастан Есіл аудандық орталық ауруханасына педиатр-дәрігер болып жұмысқа орналастым.
Ақ халатты абзал жан атануыма әкемнің де, шешемнің де терапевт болып, саналы ғұмырларын сол салаға арнаулары да әсер еткен болуы керек. Жан дегендегі жалғыз қарындасым да медицинаны таңдады.
Әркімнің ойы жетсе де, қолы жете бермейтін елорданың білдей оқу орнын бітіріп, ауылға неге келдің деп сөккендер де көп болды алғашында. Емізулі балаларын құшақтап, бүлдіршіндерін жетектеп, қажетті ем-домын қабылдап кеткен ата-аналардың да кей-кейде “жап жас дәрігер болып, ең болмағанда Петропавлда қалмадың ба?” деп кететіндері де болды. Орынсыз жерде ойларын білдіретіндерге үнемі: “Ауыл менің тәжірибе жинайтын бірінші алаңым. Кейінгісін көре жатармыз”, – деп жауап беретін едім.
Шынында да, ауылда қызмет баспалдағымен өрлеудің қиындығы күн сайын орын алып жатса да, өз бетіңмен іздену, өз күшіңді таныту сынды мүмкіндіктерді пайдаланып, білігіңді арттыруға әбден болады. Тәжірибе алаңы деуім бекер емес. Өйткені, алдыңа жан ауруына дауа сұрап жүздеген науқас келеді. Бауыр еті – балаларының сыры беймәлім сырқаты жұдырықтай жүректеріне шер-шермен болып жабысқан ата-аналардың басым бөлігі мейір-бикелерден гөрі, саусақпен санарлық дәрігердің өзімен тілдескісі келеді. Міне, сондай кездерде жаралы жолбарыстай ардақты жандарға білгеніңді айтасың, ненің дұрыстығын, қандай емнің бұрыстығын жеткізесің. Дерттен айықтырудың сан мыңдаған жолдарын түсіндіресің. Міне, білгеніңді үйрете отырып, білмегеніңді өзің үйрену нағыз тәжірибе емес пе?!
“Дипломмен – ауылға!” бағдарламаның тағы бір ұтымды тұсы – баспанасыз жандарды пәтермен қамтамасыз етуде болып отыр. Қалада жұмыс істеп, тапқан-таянғанын пәтер-ақыға жұмсағанның тиімділігі некен-саяқ. Жобаның осы бір тұсына қызыққаным да рас. Бірреттік көтерме жәрдемақы мен баспанаға ие болдым.
Бүгінде жастардың басым көпшілігі қалада жұмыс істеп, сол жақтың қайнаған тіршілігімен біте қайнасқанды қалайды. Әрине, жағдайы да, шамасы да жетіп жатса, шешімдеріне ешкімнің қарсылық білдірмесі рас. Бірақ көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағанның күйін кешсе, онда өзі, отбасы, тіпті, еліміздің болашағы үшін де сәтсіз қадам болары сөзсіз.
Бүгінде қазақтың алтын бесігі саналатын қасиетті ауылдардың көз алдымызда құрдымға кетіп жатқанын көреміз. Біз секілді білімді, қабілетті жастардың сол ауылдарға, тіпті, өзі өскен жерлерге ат ізін салып, ауылдың жауыр болған бір мәселесінің оңтайлануына жәрдемдессе, нұр үстіне нұр болатын еді. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының да көксегені – осы.
Ерлан МАШАНОВ,
Есіл аудандық орталық
ауруханасының педиатр-дәрігері.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.