«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҢДАУЫМ – ТІГІНШІЛІК

Бала күнімде жыртылған аяқкиімдерді, қалың күртелерді тігіп, өзгеше өң беруге, тозығы жеткен дүниелерден жаңа нәрсе жасап шығаруға әуес болдым. Алайда, болашақ мамандығымның осы бағытта жалғасатынын, тігіншілік нәпақа табу кәсібіме айналатынын ойламаппын. Есейе келе, кез келген адамның білім мен іскерлікті меңгеруі қабілетке байланысты екенін түсіндім. Бірақ тігіншілікке біржола бет бұрмай, қосымша қаражат көзі ретінде қабылдап, таныстарымның өтініш, тілегін орындап жүрдім.

Тоғызыншы сыныпты бітірген соң Петропавл кәсіптік-педагогикалық колледжінің жер қатынастары мамандығына оқуға түстім. Содан кейін аталмыш салада екі қолға бір күрек табуға ықылас танытпай, Петропавлдағы “Әскери киімдер тігу фабрикасы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тігінші болып жұмысқа орналастым. Небәрі жарты жылға жуық жұмыс атқарсам да, тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп, әріптестеріммен етене араласып кету мен үшін қиын болмады. Бүгінде әскери және әртүрлі жұмысшы киімдерін тігумен айналысамыз. Кәсіпорынның дамуына құрыш қолдарымен атсалысып жүрген тісқаққан, нағыз шеберлер мен секілді қабілетті, дегенмен, әлі де болса тәжірибесі аз жас тігіншілерге ақыл-кеңестерін айтып, ерінбей еңбек етуге баулуда. Жалақым да жақсы. Болашақта осы салада ұзақ жылдар еңбек етіп, дәулетке бастайтын еңбекке құштар өрендердің өсуіне, қатарының көбеюіне септескім келеді.  

Мақсат ТАНЫБАЕВ,

“Әскери киімдер тігу фабрикасы” жауапкершілігі шектеулі

серіктестігінің тігіншісі.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp