Жас мамандарға қолдау көрсетуді, елді мекендердегі кадр тапшылығы мәселесінің оңтайлы шешілуін көздеген “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасының сәтті жүзеге асырылып келе жатқанына жеті жылға жуық уақыт болды. Осы жылдар бедерінде көздеген мақсаты айқын жүздеген өрен қазақтың қарашаңырағы – ауылға ат басын бұрып, алған білімдері мен тәжірибелерін алтын бесіктің гүлденуі жолында жұмсап келеді. Дәулет Серғазиннің таңдауы өзінің туып-өскен жері Кішкенекөл ауылындағы аудандық ауруханаға түсіпті. Онымен кездесіп, мамандығының қыр-сыры жайында әңгіме өрбіткен едік.
– Дәулет Қайыртайұлы, менің білуімше, сіз Қарағанды медициналық университетін бітіріп, аталмыш бағдарламамен Уәлиханов аудандық ауруханасына жұмысқа орналастыңыз. Болашағыңызды жауапкершілігі мен жүгі ауыр дәрігерлікпен байланыстыруыңызға кім ықпал етті?
– Мен қарапайым отбасында өстім. Әкем ауыл шаруашылығы саласында механизатор болып көп жылдар бойы табан аудармай еңбек етіп келеді. Анам өзім қызмет атқаратын ауруханада – рентген зертханашысы болып жұмыс істейді. Үйде екі баламыз. Мектеп қабырғасында жүрген кезімде биология пәнін ерекше сүйіп оқитынмын. Бұл пәнге деген қызығушылығымды оятқан ұстазым, сол кездегі мектеп директоры Ескербек Тауфиқұлы білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қабілетіммен үйлесетін мамандықты дұрыс таңдауыма да баулыды.
2006 жылы Кішкенекөл мектеп-гимназиясын жақсы бағамен бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің “Емдеу ісі” факультетіне мемлекеттік грантпен оқуға түстім. Менің осы саланы таңдауыма анамның да сіңірген еңбегі орасан. Жоғары оқу орнын тамамдағаннан кейін “Жалпы хирургия” мамандығы бойынша интернатураны аяқтадым. Ол кезде “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы туралы білетінім аз еді. Дәрігерлердің тапшылығы өзекті болып тұрған дәл сол уақытта қалада қалып, еңбек жолымды бастауыма да болар еді. Неге екенін қайдам, ішкі түйсігім туған жерге тартып тұрды. Көп ойланбастан аудандық ауруханаға хирург-дәрігер болып жұмысқа орналастым.
– Жастардың дені қалаға қарай ағылған уақытта ауылды таңдауыңызға не себеп болды? Көп жағдайда өрендердің аузынан “Ауылда жастардың қызмет бабымен өсулеріне мүмкіндіктер аз” деген пікірді жиі естіп жатамыз…
– Ауыл еліміздің алтын бесігі ғана емес, барлық байлықтың көзі, береке мен бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың негізі ғой. Өзіңіз де жақсы білесіз, соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына қомақты қаржы бөлініп, елді мекендерде мектептер, емханалар көптеп бой көтеруде. Тіпті, кейбір әлеуеті зор ауылдарда ет, сүт және құс өнімдерін өндіретін кешендер салу жұмыстары да іске асырылуда. Бұл халқымыздың болашағы – ауылда деген сөз. Ал сол атамекенді көркейту біз сияқты жастардың қолында емес пе?! Мәселеге “ауыл”, “қала” деп бөле-жара қараудың қажеті жоқ. Жастарды ауылға тұрақтандыратын бағдарламалар да аз емес.
– Сөзіңіз аузыңызда, жастардың біразы өздері үшін жасалып жатқан жағдайлардың мақсатын түсінбей ме, қалай?
– Жер бетінде Гонконг, Люксембург, Монако сияқты бір уыс жерде отырса да бай, бақуатты елдер бар. Олардың жанында біздің еліміздің байлығы жер мен көктей. Мәселе жастардың еңбегі мен қажыр-қайратына, талап-ниетіне байланысты. Мемлекет жастарды ынталандырып-ақ отыр. Ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ұлттық экономикамыздың негізін қалыптастыратындығымыз жайында да айтылып келеді.
Менің ойымша, жастардың көбі мәселені терең зерделей алмайтын сияқты. Қалаға қарай көш түзегендердің тұрақты жұмыс тауып, баспанаға ие болып жатқанын кездестірдім. Мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығын ұтымды пайдаланбаудың салдарынан уақыт оздырып алған адамдар қаншама?! Мәселен, мен “Дипломмен – ауылға!” жобасы аясында көтерме жәрдемақыға ие болдым. Одан өзге үй сатып алу үшін пайызсыз несиеге қол жеткіздім. Қазіргі уақытта басымда баспанам, тұрақты жұмысым бар. Табысым да жақсы. Қызмет атқара жүріп, тәжірибе жинақтаудамын.
Жастардың ауылға көш түзеуі, ең алдымен, қазақтың қарашаңырағының аман сақталуына, ондағы тіршіліктің тамырына қан жүгіртуге септессе, екінші кезекте одан сайын гүлденуіне жол ашады. Адамның жеке арманы мен елдің мүддесі сабақтасуы қажет. Ауылда жүріп те жас маман өзін рухани жағынан өсіруге, алдына үлкен мақсаттар қоюына болады. Өйткені, ауылда қалалық жерлер пайдаланып отырған өркениет жетістіктерінің біразы бар.
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.