«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҢДАУ — ТАТУЛАСУ ТӘРТІБІ

Өткен жылы өңірімізде ажыраспақ болған екі мыңнан астам ерлі-зайыптының 600-ге жуығы “Отбасылық сот” жобасы аясында райларынан қайтты. Соңғы жылдары өңірімізде ажырасушылардың саны артқанын ескерсек, бұл жоба өзіне артылған үмітті ақтады десек болады.

Облыстық соттың былтыр атқарған жұмысы қорытындыланған кеңейтілген отырыс өтіп, оған еліміздің Жоғарғы Соты аппаратының басшысы Наиль Ахметзакиров қатысты.

Өткен жылы облыс соттары мыңнан астам қылмыстық істі қарап, 772 адамға қатысты айыптау үкімі шығарылып, отыздан астам адам ақталыпты. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Владимир Кириленко атап өткендей, сотталғандардың жалпы санының 20,1 пайызы, яғни 210 адам бас бостандығынан айырылған. Қаралған азаматтық істердің саны он жеті мыңдай болғанымен, бұл 2018 жылға қарағанда үш есе аз. Өңір тұрғындарының арасында ымыраға келу жиілеген. Облыстық соттың азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы Айдар Смағұловтың айтуынша, өткен жылы 1614 азаматтық іс татуластыру тәртібімен аяқталған. Бұл аяқталған істің 11 пайызын құрайды.

Облысымызда жұмыс істеп жатқан 363 медиатордың қызметіне оң бағасын берген судьялар, бірлескен істің нәтижелі екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда сот органдарында “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыруға да басты назар аударылуда. Өткен жылы сот жүйесінде ашықтық, жариялылық және қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Мағжан Жұмабаев, Мамлют және Қызылжар аудандарында фронт-кеңселер ашылды. Жалпы өңірімізде осындай 11 кеңсе жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда облыстық сотта азаматтарды қабылдау жеке кездесу арқылы ғана емес, қашықтықтан да жүргізіледі. Бейнеконференция байланысы арқылы жүзеге асырылатын бұл жаңашылдықтың арқасында ауыл тұрғындарының үйінен ұзамай-ақ өтініш-тілегін айтып, түйінді мәселелерін шешуіне мүмкіндік жасалып отыр. Өңірімізде істі электронды үлгіде қараудың да оң тәжірибесі қалыптасқан. Әсіресе, Шал ақын ауданының соты көш бастап тұр. Өзге аудандардағы әріптестеріне үлгі болып отырған шалақындық фемида өкілдері осындай әдіспен уақытты үнемдеп қана қоймай, істердің қаралу барысын да тездеткен.
Облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов өткен жылы Мамлют ауданының ауылдық округтерінде құрылған 17 қоғамдық кеңестің жұмысына да тоқталды. Кеңес мүшелері үйлерінде алкогольдік өнім сатқан бес адамның ісін қарап, нәтижесінде үшеуі заңсыз әрекеттерін тоқтатыпты.
– Кеңес мүшелері ішімдікке салынған 59 адаммен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олардың тең жартысы өз еркімен “ащы суға” тәуелділіктен емделуге және жұмысқа орналасуға ниет танытты. Бұл бастаманы басқа аудандарда қолға алу қажет, – деді Ерлан Айтжанов.
Кеңейтілген отырыста аудандық және оларға теңестірілген облыстық соттардың төрағалары атқарған жұмыстарын баяндағаннан кейін жиынды қорытындылаған еліміздің Жоғарғы Соты аппаратының басшысы Наиль Ахметзакиров солтүстікқазақстандық әріптестерінің жұмысын жоғары бағалап, заң үстемдігін іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Динара ТӨЛЕҢГІТОВА,
облыстық соттың
баспасөз хатшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp