«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҢДАУ ӨЗІҢДЕ

Солтүстік Қазақстан медициналық колледжін тамамдағаннан кейін Айнұр алдымен демалуды ұйғарып, ауылға келді. Екі айдан кейін жұмыс іздеп, қалаға жол тартты. Бүгінде іздеген маманға жұмыс жоқ емес, бар ғой, Айнұр да облыс орталығындағы емдеу мекемелерінің біріне мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.

Бірақ бәрі ол ойлағандай болмады. Бірден мол жалақыға қарық болуды ойлаған жас маман амалсыз 60 мың теңге еңбекақыны місе тұтты. Өйтпегенде ше? Қолына кеше ғана диплом алған медбикеге қанша жалақы төленбек?

Медицина – жауапкершілігі мол мамандық. Өйткені, адам өмірінің арашашысы болу оңай шаруа емес. Біліктілік өз алдына, тәжірибе жинақтау да үлкен ізденісті, еңбек пен төзімді талап етеді. Сондықтан оған дамылсыз еңбек етуге тура келді. Бұл жас маманның өміріндегі алғашқы қиын сәттер еді. Таңнан кешке дейін ол өзіне сеніп тапсырылған жұмысты қалтқысыз орындауға тырысты. Бірақ одан түк шықпады. Ақылы бөлімде оқуына жағдай жасаған анасына қолғабыс етіп, үмітін ақтауды армандаған Айнұрдың сағы сынып, жұмысқа деген құлшынысы азайды. Азынаулақ жалақыға алған несиесін өтеп, пәтер ақысын төлейді. Күнкөріске қалатыны – бірер мың теңге. Екі-үш айдың ішінде қарызға белшесінен батқан жас маманның амалы таусылғандай. Сөйтіп, ауылға оралды. Қазір анасының жанында екі қолға бір күрек таба алмай жүр.

Бүгінде Айнұр сияқты жастар жетіп артылады. Оған өзіміз куәміз. Біреудің өмірін талқыға салып, сөккен жарамас. Бірақ өмірдің жаңа баспалдағына аяқ басқан жас маманның алғашқы қиындыққа төзімділік танытпауы біраз мәселені аңғартады. Қазіргі жастар жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргісі келетін тәрізді.

Бойжеткенге ақыл айтар адамның болмағаны өкінішті. Бәлкім, одан мықты маман шығар ма еді, кім білсін? Бірақ әлі де кеш емес. Бәрі адамның өзіне байланысты. Тағдырымыз Алланың қолында болса, таңдау – өзімізден. Кезінде біз уақытпен санаспай жұмыс істедік. Қиын екен деп, қызметтен кетіп қалмадық. Ата-анамыздың атына кір келтірмеу үшін жанымызды салдық. Ал қазір жастардың санасын материалдық құндылық билеуде. Мені қынжылтатын осы мәселе.

Шынар АЙТҚОЖИНА, зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp