Биыл Қызылжар жұрты қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың 125 жылдығымен қатар қаламгердің есімін иеленген қазақ театрының ширек ғасырлық мерейтойын атап өтеді. 1999 жылы 6 желтоқсанда театрдың іргесі қаланды. Сол жылдары облыс басшылығында болған Қажымұрат Нағманов, Қуат Есімханов сынды азаматтардың жас өнерпаздарға кең құшағын жайып, қолдау көрсетуінің арқасында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бір топ түлегі теріскейге келген еді.
Қазақ театры 2000 жылы қаладағы Энергетиктер сарайына орналасып, 200 орынға шақталған шағын ғимаратта 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. 2022 жылы «Жас өркен» шағынауданында мәдениет ошағының жаңа ғимараты қолданысқа берілді. Мәдениет нысанының жалпы аумағы – 15 мың шаршы метр. Сәні мен салтанаты жарасқан театр көрермен залына бір мезетте 500 адамды сыйдыра алады.
Театрда еңбек ету үшін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын тамамдаған бір топ жас түлектің бұрын аяқ басып көрмеген Қызылжар жеріне келуі өңір руханияты үшін қуанышты жаңалық еді. Жаңа ашылған өнер ұжымына Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек жетекшілік етті. Ол кісінің режиссурасымен қойылған С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз», А.Кирийдің «Иірім», С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық», Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты», М.Байжиевтің «Қылмысты оқиға», Т. Миннуллиннің «Диляфруздың 4 күйеуі», М.Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы көрпеш – Баян сұлу», П.Мерименің «Кармен» қойылымдары актерлердің әр қырынан ашылуына өз ықпалын тигізді. Білікті басшы салиқалы репертуар қалыптастырып, жас ұжымның республикалық театр фестивальдеріне қатысуына жол ашты. 2001 жылы театр ұжымы республикалық театр фестивалінде М.Байжиевтің «Қылмысты оқиға» спектаклімен бас жүлдені жеңіп алды.
Театр сахнасында әр жылдары спектакль қойған майталман режиссерлер Е.Обаев, Ә.Оразбеков, Ж.Хаджиев, Б. Ұзақов, Қ.Қасымов әртүрлі жанрдағы күрделі драматургиялық шығармаларды сахналап, көрермендердің жүрегін толқытып, олардың ыстық ықыласына бөленді. Театрда бірнеше жыл қатарынан режиссерлік қызмет еткен Б.Шамбетов пен Ф.Молдағали әлемдік және ұлттық шығармаларға жаңаша тыныс берді. Олардың сахналық эксперименттер арқылы жаңа театр формаларын енгізуге деген талпыныстары көрермендердің назарын аударды.
Көркемсөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп айтқандай, қазақ театрының іргесі қаланған күннен бастап, оның жарқын болашағы жөнінде ізгі тілек, жылы пікір айтпаған зиялыларымыз кемде-кем. Сол жылдары сахналанған «Аққан жұлдыз», «Қарагөз», «Шыңғысханның ақ бұлты» тағы басқа сан түрлі жанрдағы қойылымдар көпті баурап, өзіндік көрерменін қалыптастырып үлгерген еді. Бұл күнде қазақ өнерінің қарашаңырағына айналған Сәбең театрының ширек ғасырлық тарихында белесті биіктер мен сан-салалы құбылысқа толы шығармашылық кезең жатыр.
Театр ұжымы 2003 жылы Каирде өткен XV халықаралық театрлар фестиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Қозы көрпеш – Баян сұлу» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Шың басында» атты экспериментті қойылымымен қатысып, үздік ондық қатарынан орын енші леп, Құрмет грамотасымен марапатталды. 2004 жылы XII республикалық театрлар фестиваліне М.Ғаппаровтың «Қуыршақ немесе қызғаншақ қыздардың кеші» қойылымымен қатысып, Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек «Үздік режиссер» номинациясын еншіледі. Қырғыз Республикасының астанасы – Бішкек қаласында өткен V Халықаралық «Арт Ордо» фестивалінде Н.Гогольдің «Ревизор» спектаклі «Сыншылар көзайымы» номинациясымен марапатталды. 2018 жылы өткен VI халықаралық «Самғау» театр фестивалінде театр ұжымы қойған М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымы (спектакль режиссері Фархат Молдағали) «Үздік режиссура» номинациясында жүлделі болды. 2019 жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған IV халықаралық «Balausa» эксперименталды спектакльдер фестивалінде М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» спектаклі бас жүлдеге лайық деп танылды. Айта берсек, өнер ұжымының бұдан басқа да жетістіктері көп.
Театр ашылғаннан кейінгі жылдары Айбар Оспановтың жетекшілігімен халық аспаптары ансамблі құрылды. Аталмыш ансамбль облыстық, қалалық іс-шараларда, театр қойылымдарының көпшілік сахналарында өнер көрсетті. 2010 жылы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жанна Темірбаева алты қыздан тұратын «Алуа» би ансамблін құрды. Сол жылдан бастап ансамбль қалалық, облыстық және республикалық іс-шараларға қатысып, Астана, Алматы, Түркістан, Қарағанды және Қостанай қалаларын гастрольдік сапармен аралап, өнер көрсетіп келеді. 2006 жылы қаламызда ерекше жандардан құрылған би театры ашылды. Ольга Ростовщикова «SENSITIVE» би театрының негізін қалап, ондағы ерекше жандардың биіктен көрінуіне себепші болды. Бүгінде бұл ұжым театр жанында жемісті жұмыс істеуде.
Ширек ғасыр – қазақ театры үшін қалыптасып, қанат жайып, өнердің биік тұғырына шығу кезеңі болды. Осы уақыт аралығында мұнда актерлердің бірнеше буыны өнер көрсетті. Бүгінде театр өңірге белгілі руханият шаңырағына айналды. Ғасыр басында ел мәдениетінде жұлдыздай жарқ етіп, пайда болған театрдың бағындырар белестері әлі алда.
Біржан ЖАЛҒАСБАЕВ,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды- драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.