«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕАТРЛАР ТҮРЛЕНЕ ТҮСУГЕ ТИІС

Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс орталығындағы мәдениет ошақтары мен спорт нысандарын аралап, олардың жағдайларымен танысты.

Осыдан 7 жылдай бұрын ашылған “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені 4 залдан тұрады.

Аталмыш мекеменің директоры Гүлнар Сыздықованың айтуына қарағанда, жыл басынан бері кешенде 208 экскурсия ұйымдастырылып, 7610 адам мұражайға қойылған тарихи-мәдени құндылықтармен танысқан.

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына да соқты. Театр директорының міндетін атқарушы Спартак Рамазанов ұжымда 146 адам еңбек ететіндігін, оның 39-ы шығармашылық құрам екендігін айта келіп, мәдениет ошағының бүгінгі жағдайына тоқталды.Театрды материалдық-техникалық жағынан жарақтандыру, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, коммуналдық қызметтер үшін 129835 мың теңге қосымша қаражат қажет. Облыс әкімі бұл өзекті мәселені алдағы уақытта қарастырып, жағдайға қарай шешетіндігін мәлімдеді.

Алты жүз мың кітап қоры бар С.Мұқанов атындағы әмбебап ғылыми кітапханамен танысу кезінде өңір басшысы Ерік Сұлтанов сирек кездесетін кітаптар мұражайындағы көне туындыларға ерекше назар аударды. Библиография бөлімінің меңгерушісі Юлия Пискунова 350 жылдық тарихы бар құнды әдебиеттер жайлы қызғылықты әңгіме қозғады. Мұнда Ленинград құрсауы кезінде жергілікті тұрғындарға рухани күш берген кітаптар да бар екен. Барлығы шамамен 3 мыңдай.

Аталмыш мәдениет ошағынан кейін Ерік Хамзаұлы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болып, 13 залға қойылған құнды жәдігерлермен танысты.

1982 жылы пайдалануға берілген ғимараттағы облыстық қуыршақ театрының ұжымы да өңір басшысына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, синхронды аударма қондырғысын алу, көрермендер залының орындықтарын ауыстыру, сахнагерлердің біліктіліктерін жетілдіру, гастрольдік қызметті ұйымдастыру сияқты өзекті мәселелерге қосымша қаржы бөлінсе деген тілектерін жеткізді.

Осы жолғы сапарында Ерік Сұлтанов көркемсурет мұражайында, “Метро” ойын-сауық орталығында, “Жастар” мен “Қарасай” стадиондарында, олимпиадалық резервтегі “Дельфин” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында да болды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp