«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕГІНІНЕ – ҚОЛ, АҚЫЛЫСЫНА ҚАРЖЫ ЖЕТПЕЙДІ

“Бірінші байлық – денсаулық” деген қағиданы ту еткен ата-аналар қашан болсын баласын спорт үйірмесіне беруге тырысады. Олар баласының болашақта бәсекелі додада ел намысын қорғамаса да, денсаулығының мықты болғанын қалайды. Осы орайда ата-ана алдында шешімі қиын мәселе туындайды.

Облысымыздағы спорт ұйымдары мемлекеттік және жекеменшік болып екіге бөлінеді. Анығын айтсақ, жекеменшік спорт үйірмелерінің бағасы шарықтап-ақ тұр. Егер облысымыздағы еңбекақы мөлшері республикалық көрсеткіш бойынша көш соңында екенін ескерсек, жас жеткіншектердің өздерінің қалаған спорт түрлерімен айналысу мүмкіндігі шектеулі, әрине.  

Айталық, соңғы жылдары Шығыс жекпе-жегі өзгеше өріс ала бастаған. Оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы осы өнерді насихаттайтын бейнефильмдер тікелей әсер еткендей. Көшеде жүгірген балалардың барлығы дерлік қарсы келгенді тізе бүктіріп, боз кілемнің шаңын қаққан қара күштің иесі Қажымұқан, жауырыны жер иіскемеген Балуан Шолақ емес, бір өзі он қарсыласты жайратып салатын Жан-Клод Ван Дамм немесе жыланнан да жылдам әйгілі Брюс Ли болуды армандайды. Кинода бірінің үстіне бірі қойылған кірпіштер мен тақтайларды еш қиналмастан сындыратын, қара тасты қақ жаратын, шындықтан гөрі аңызға жақын спорт түрлерін аңсаумен болды. Бар гәп – балалардың ерекше ықыласына бөленген бұл үйірмелердің бағасын ата-ананың қалтасы қаншалықты көтере алатындығында ғана. Өңіріміздің спорт үйірмелері қатардағы орта қол отбасыларға қаншалықты қолжетімді? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.

Мәселенің мәнісіне жету мақсатында қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің мамандарына хабарласқан болатынбыз. Бөлімнің бас маманы Данияр Жолдасбаевтың айтуынша, облыс орталығында спорт үйірмелері көп. Бағалары да әртүрлі. Егер спорт мектептерінің қарамағындағы үйірмелер негізінен тегін жұмыс істесе, жекеменшік спорт үйірмелері бағасын өздері белгілейді екен.

– Петропавл қаласында спорт мектептерінің жанында тегін спорт үйірмелерінің саны көп болғанымен, оларға алынатын балалар санына шек қойылады. Себебі, бұл үйірмелердің мақсаты – келген балалардың ішінен болашақта Олимпиада жеңімпазы болатын, халықаралық сайыстарда ел намысын қорғайтын үздіктерді сүзіп алу. Осыған орай бапкерлер, ең алдымен, денсаулығы мықты және аталмыш спорт түріне ыңғайы мен қабілеті бар балаларды қабылдауға тырысады. Ал ақылы үйірмелердің бағасы әр отбасының бюджетіне салмақ түсіретіні мәлім, – дейді Данияр Біржанұлы.

Жаттығудың қиындығына шыдамай, кетіп қалатын балалар таэквандо, футбол, суда жүзу, көркем гимнастика сияқты шектеулі спорт түрлері бойынша жұмыс жүргізетін ақылы үйірмелерге жүгінуге мәжбүр. Ал облысымызда балаларға арналған үлкен теннис пен баскетбол сияқты кейбір спорт түрлерінің тегін түгіл, ақылы үйірмесі де жоқ екендігі қынжылтады.

Балаларын ақылы үйірмеге берген ата-ана қанша шығындалуы қажет? Осыдан бірер жыл бұрын Петропавлда ашылған “Неп-тун” спорттық-сауықтыру кешеніндегі спорт үйірмелерінің бағасы да шарықтап тұр. Атап айтқанда, бапкерлер Иван Ван-хон-тун мен Әсет Исахметов жаттықтыратын муай-тай үйірмесінде балаңызды жаттықтырамын десеңіз, 4000 теңгеңізді дайындай беріңіз. Дәл осы жердегі аралас жекпе-жек үйірмесінің бір айлық ақысы – 5000 теңге.

– Ұлым Мақсаттың бесінші сыныптан бастап таэквандо спортына көңілі ауғанда қуанғанбыз. Қажет өнер-ақ, дегенмен бағасы қымбат. Айына – үш мың теңге. Одан бөлек, спорттық киім-кешегі, қалалық және облыстық сайыстарға қатысу шығындарын есептей беріңіз. Біреулер үш мың теңгені көпсінбеуі мүмкін, десе де, жалақыдан жалақыға дейін күн көріп, пәтер жалдап жүрген мен сияқты азаматтар үшін мұның қымбаттау екені сөзсіз, – дейді “Береке” шағынауданында тұратын Әскер Оспанов.

Ат үстінде айдарынан жел ескенін аңсамайтын қазақ баласы болушы ма еді?! Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромы қызметінің бағасынан көзіңіз сүрінеді. Бұл жерде жас баланың атқа бір рет міну құны сағатына 800 теңге болса, ересектер үшін дәл осы уақыт 2000 теңгені құрайды. Егер де бір ай бойы атқа мінгіңіз келсе, 14 жасқа дейінгі балалар үшін баға 4500 теңгеге, ал жасөспірімдер үшін 6000 теңгеге дейін жетіп жығылады. Бір қуантарлығы – ат спортына шындап көңілі ауған 9-11 жас аралығындағы балалар үшін жаттығу тегін.

Облыс орталығындағы балалар мен ересектердің сүйікті спорт нысандарының бірі – “Дельфин” жүзу бассейнінің де бағасы аз емес. Айына 12 жаттығу жасаған баланың ата-анасы 4000-5000 теңге шамасында қаражат шығындауы қажет. Ал бала жаттығу залы, аэробика сынды қосымша қызмет түрлерін пайдаланатын болса, бұл баға 8000 теңгеге дейін көтеріледі. Кешеннің спорт залында бір сағат жаттығудың құны – 2000 теңге.

Әрине, баланы бағасы күйіп тұрған спорт үйірмелеріне беру міндет емес. Одан бөлек Петропавл қаласы мен аудандарда тегін үйірмелер де жетерлік. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин соңғы жылды қорытындылаған алқа отырысындағы баяндамасында бүгінде 154 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың спортпен шұғылданатындығын, бұл облыс тұрғындарының 27 пайызын құрап отырғандығын атап айтқан болатын. Басшының айтуынша, өңірімізде спорт инфрақұрылымдары нығайтылып, жаңа нысандар салынуда. Жыл басынан бері облыста 100 хоккей корты, 9 көпфункционалды спорт алаңы, бүгінге дейін 213 футбол және шағын футбол алаңы пайдалануға берілсе, облыс аудандарында тағы 2 спорт кешені салынып жатыр. Мұның барлығы жеткіншектің көше кезіп, ересектердің назарынан тыс қалмай, саламатты өмір салтын ұстануына өзіндік септігін тигізбек. Сондай-ақ, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров атындағы Спорт сарайының құрылысы аяқталуға жақын. Үш функционалдық блоктан тұратын бұл нысанда жеңіл атлетика алаңы, жабық мұз айдыны және велосипедшілер мектебі жұмыс істейтін болады. Мұнда спорттың бірнеше түрінен жаттығулар өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл спорт кешені өз кезегінде спортпен айналысамын деген жергілікті балаларға жасалып жатқан зор қолдау болмақ.

Иә, қағаз жүзінде жазылған ақпаратқа сүйсінесің. Қала баласы қолбайлау болып отырған жағдайларға қарамастан, қымбат та болса, шын ықылас білдіріп, спорт деген жүйріктің жалына жармасқысы келіп-ақ тұр. Ал күйбең тірлікпен несиесін, үйдің айлық бағасын, коммуналдық қызметті төлеген сайын әмияны ортая түскен ата-ана ел мәртебесін биіктететін спортшылардың алғашқы сатысы іспеттес спорт үйірмелерінің төлемақысы арзандатылса деген ниетте.

– Ақылы үйірмелердің бағасы түссе, бұл жас балаға деген жанашырлық болмас па? Әрине, спорт саласын бизнеске айналдырып, нәпақасын тауып отырғандарға айтар өкпе жоқ. Осындайда өзгеден бұрын көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға жеңілдік жасалса, – дейді баласын жетектеген қала тұрғыны Аманжол Құсайынов.

Өкінішке қарай, мұндай жеңілдіктер жасап отырған үйірмелер ауылдық жерлер түгіл, облыс орталығының өзінде аз. Жуырда қаланың кейбір шағынаудандарында ашық аспан астында түрлі жаттығу құралдарымен жабдықталған спорт алаңдары пайдалануға берілген болатын. Балалардың спортқа құштарлықтары керемет. Ақысы қымбат спорт үйірмелеріндей емес, мұнда доп қуалау, түрлі тренажерлерде жаттығу тегін. Күні бойы осы арадан шықпайтын балалар көшеде сенделіп, бос жүріске де салынбайды, қылмысқа да бармайды.

Жас ұрпақты көше кезгізбей, пәле-жаладан сақтандырамыз десек, әр шағынауданда осындай жақсы жабдықталған қолжетімді спорт алаңдарын салуды тоқтатпауымыз қажет сияқты. Сонда ғана біздің жас ұрпақ тек ақылы үйірмелерге телмірмей, қалауынша спортпен айналысатын болады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp