Мүмкіндігі шектеулі жандардың көп жағдайда мемлекеттік органдарға бара қоймайтыны анық. Әсіресе көру қабілеті бұзылған адамдарға қыста жүріп-тұру тіптен қиын. Осыны ескерген облыстық әділет департаментінің мамандары «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалына арнайы барып, тегін заңгерлік көмек көрсетті.
Тегін заң көмегі нотариустардың, адвокаттардың, заң кеңесшілерінің, жеке және мемлекеттік сот орындаушыларының қатысуымен өтті. Филиал мүшелері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.
Бірлестік мүшесі Анатолий Несмяновты мұрагерлікке қатысты сұрақ мазалайды. Ол өмірден өткен үлкен ағасының (Ресейде) өзінен басқа жақыны жоқ болғандықтан мұрагері атанғысы келеді. Бірақ денсаулығына байланысты шекара асып, мәселені шеше алмайтындықтан, құжаттарды онлайн рәсімдеуді көздеп жүр.
Білікті мамандар сұрақ иесіне мұрагерлік, тұрғын үйді заңдастыру жөнінде ақыл-кеңестерін берді.
— Біз жұмыс жоспарымызға сай осындай жиындарды жиі өткізіп тұрамыз. Мамандар көмекке мұқтаж жандарды алаңдатқан мәселелерді жан- жақты түсіндіріп берді, – дейді «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыс бойынша филиалының төрағасы Ұлан Төлетаев.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».