«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕГІН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

– Мен биылғы желтоқсан айында 63 жасқа толып, зейнеткерлер қатарын толықтырмақпын. Қазір қажетті құжаттарымды жинастырып жатырмын. Оған дейін зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың жұмысы және ол көрсететін мемлекеттік қызметтер жайында білгім келеді.

Ертай Әбубәкіров,

қала тұрғыны.

Бұл сұраққа “Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы” республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны облыстық филиалы директорының орынбасары Арман Жамуков жауап береді.

– Біздің орталық 1997 жылы құрылған болатын. Ол зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінде негізгі институттық құрылым және еліміздің қаржы-әлеуметтік инфрақұрылымында маңызды элемент болып саналады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес құрылған орталық қызмет алушының таңдауына байланысты еліміздің кез келген банкінен және “Қазпочта” акционерлік қоғамы арқылы зейнетақы немесе жәрдемақы төлейді.

Орталық бүгіндері зейнетақы, жәрдемақы тағайындауға құжаттар қабылдау, барлық әлеуметтік төлемдерді төлеу, автоматтандырылған “Е-Макет” жүйесінің көмегімен электронды макеттер ісін қалыптастыру, мемлекеттік органдармен ақпараттық бірігу, қызмет алушыларға қабылданған шешім туралы ұялы телефондарына смс-хабарлама жіберу арқылы ақпарат беру сияқты қызметтер көрсетеді. Басында зейнетақылық реформаны жүзеге асыру мақсатында құрылған орталық бүгіндері еліміздің әлеуметтік және қаржылық жүйелеріндегі көптеген мемлекеттік маңызды функцияларды жүзеге асырады. Сонымен қатар, әлеуметтік-еңбек саласында бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсетеді. Жеке тұлғаларға мемлекеттік қызметтер тегін көрсетіледі.

Орталықта мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштер қабылдау мен қорытындысын беру жексенбіден басқа күндері сағат 9-дан 14-ке дейін жүргізіледі. Ал орталықтың порталы арқылы жөндеу жұмыстарына байланысты техникалық үзілістерді есептемегенде тәулік бойы мемлекеттік қызмет көрсетіледі. “Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы” республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент жұмыс істейді. Оған тегін бірыңғай 1411 телефонына қоңырау шалу арқылы өздеріңізді толғандырып жүрген еңбек қатынастары, жұмыспен, зейнетақымен қамту, әлеуметтік сақтандыру мәселелері жөнінде ақыл-кеңес алуға болады. Зейнетақы, жәрдемақы төлеу туралы шешімді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық органдары қабылдайды. Мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты қосымша анықтамаларды Петропавл қаласында 55-10-00 телефоны арқылы алуға болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp