
Жаңа жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Енді сақтандыру жүйесі аясында балалар мен жүкті әйелдерге стоматологиялық қызмет тегін көрсетіледі.
– Балалар мен жүкті әйелдер пломба қою немесе тісті жұлу сияқты стоматологиялық қызметтерді кез келген уақытта ала алады. Бірақ косметологиялық қызметтер МӘМС жүйесінен тыс ақылы түрде көрсетіледі, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.
Жаңа жүйе бойынша тұрғындар МРТ және компьютерлік томографиядан да тегін өте алатынын айтып өткен жөн. Алайда, ай сайын жұмыс берушінің есебінен жарна аударылатындықтан, оған тек жұмыс істейтін тұрғындар ғана қол жеткізе алады. Ал еліміз бойынша шамамен 11 миллион адам мемлекет есебінен сақтандырылады. Соның ішінде арнайы жеңілдік санатындағы балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жарна аударып, тегін қызмет ала алады. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 2 мыңнан астам аурухана сақтандыру аясында тұрғындарға қызмет көрсетеді. Соның дені жекеменшік медициналық ұйымдардың үлесіне тиесілі.