«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТЕКЕ-ТЕҢІЗ” ТАРИХЫ

“Туған жерім – “Теке-теңіз” – шалқар көл,

Жағасына қаздай қалқып қонған ел”.

Бұл екі жол өлең Қызылту аудан болып құрылған жылдары “Теке” ауылдық кеңесінің төрағасы болған немере ағам, шежіреші Қайыржан Әбдірахмановтың елден шеткерірек жүргенде шығарған өлеңінің жадымызда жүрген екі тармағы ғана.

Халқымыз жер-су атауларына аса мән берген ғой. Оларды бабаларымыз елді, туған жерді сүюде ұрпақтарға тәлім-тәрбие берудің қайнарына балаған. Мысалы, менің кіндік қаным тамған жер – Көбенсай ауылы, өскен жерім – Ақтүйесай. Қазақ жерін отарлап алған орыс империясы ойларына не келсе соны істеп, ел атауларын мүлде өзгертіп жіберді. Ондағы арам пиғылы – ұрпақтарды елі мен жерінің тарихынан, бабалардан қалған атауларынан жаңылдыру. Соның бірі – Көбенсай ауылы. Бұл ауыл “Молотов” та болып, “Степной” да болып, сан талай өзгерді. Бұл жерге кейін ғана өзінің көне атауы – “Көбенсай” қайта оралды.

Ендігі сөзіміз, жағасына Өндіріс, Жұмысшы, Ақтүйесай, Көбенсай, Басбекет, әрісі Қыстауағаш, Майлыағаш, Саға, т.б. ауылдар қонған, аумағы 70-80 шақырымдай тұзды көл – “Теке теңізі” және Теке батыр туралы болмақ. Оны неге “Теке теңізі” дегені – қасиеттілігі үшін. Сонау ертеде жергілікті қазақтар Текеден тұз алып, көрші орыс деревняларына кіре тартып, пұл қылған, қажетті тұрмыстық заттарға айырбас жасаған, саз балшығы (көгілдір) құяң, қотыр, сырқырама кеселдерге ем болған. Күні бүгінге дейін жергілікті тұрғындар “Текенің” сорына түсіп, емделіп жатады. Оның соры да, суы да шипалық қасиетке ие. Тағы бір ерекшелігі – түн басқанда теңіз үстінде қадау-қадау шырақтар жанып тұрады. Кішкентай кезімде бұл шырақтарды талай рет тамашаладым. Қазір білмеймін, Текеге бармағалы бірталай уақыт өтті. Сол шырақтар – фосфор қараңғыда жылтырап тұрады.

Енді теңіздің неге “Теке” деген атауына келейік. Өткен жылы ғой деймін, көшеде біздің Көбенсай ауылына күйеу жігіт болып келетін Төлеген деген жігіт ағасы жолықты.

– Сәке, – деді ол, – Ұлы Отан соғысына қатысушы, кейін ауданда жауапты қызметтер атқарған әкем Мырзахмет Ғибәділов сырқаттанып ауруханада жатқанда “Емханада” деген өлең-толғау жазған, соның ішінде Теке батыр туралы да сөздер бар.

– Рас па?

– Рас.

– Онда сол өлең-дастанды қазір маған жеткіз!

Өлең қолыма тиді. Онда мынадай шумақтар бар:

Керейден шыққан екен батыр Теке,

Жауына қарсы ұмтылған жекпе-жекте.

Бірнеше сан қалмақты қырып салған,

“Қалмақ қырған” аталды әлгі төбе.

Аталды содан былай Теңіз – Теке,

Айнала елдер қонды жеке-жеке.

Аумағы 70-80 шақырымдай,

Мұнартып бұлт байланған ерте-кеште…

Міне, тарих қайда жатыр?!

Көнекөз қарттардан естігендер есте сақталып қалған соң бұл толғауды өзім жалғастырдым:

Сол Теке ер боп туған жастайынан,

Сан балуанның жауырынын жер қаптырған.

Қазір де “Құдаспай – Тоқпан сайлары” бар,

Теке батыр осы жерді мекен қылған.

Бүгінде Көбенсай деп аталады,

Ну орман, қайын-терек өскен жерлерінде.

Дөң басында тұрады екен биік терек,

Қарауыл боп сол маңның елдеріне.

Аруағыңнан айналайын, Мырза ата,

Жеткізген бізге арнап зерлеп қана.

Текенің кім екенін білмес едім,

Өле-өлгенше жүрер ем болып қапа.

Теңіздің дәл қасында бір төбешік,

“Қарауғы” деп аталған әлмисақтан.

Кезінде колхоз болған уақыттарда

“Қарауғы” фермасы деп атау алған.

Құпиясын “Қарауғы” атау ашқаным жоқ,

Ой жүгіртіп “тереңнен бір сыр алсақ”,

Деген ой күні-түні маза бермей,

Дүбірі тұлпарлардың естілгендей.

Елестеп көз алдымнан кетпей қойды

Атойлап Теке батыр тартқан керней.

Алыстан естіледі осы керней,

“Қарауғы” төбедегі қарауылдар

От жағып, жасақтарға дабыл бергей!

Дабылы Теке батыр шарықтаған,

Қалмаққа құйқылжытып шауып барған.

Сауыт-сайман, ер-тұрман, қолда шоқпар,

Өркөкірек қалмақтың құтын алған.

Екі атты шауып шыққан қалмақ жақтан

Теке батыр қасқайып тосқан алдан.

Бір қалмақ үзеңгілеп келген шақта

Ер Теке шоқпарымен салып қалған.

Мерт болған әлгі қалмақ ауып аттан,

Тіл тартпай, дәл сол жерде сеспей қатқан.

Екіншісі сескеніп, атын бұрып,

Өз тобына шүлдірлеп тұра қашқан…

 

Осыдан кейін баяғы Абылайдың қалмақ қызынан туған Қасым төрені хан сайламай тастаған керей Абызұлы Әлдебек би, Қанжығалы руының батыры, әрі шешен Айтбай бабаларымыз (Әлдебек бидің үзеңгілес досы) шалқар тұзды көлдің жасыл жайлау жағасында ұлан-ғайыр жеңіс тойын жасаған. Осы тойда Әлдебек би бабамыз сөз алып: “Уа, жамағат, кешегі майданда қалмақтарға қырғындай тиген Теке батырдың есімін мына шалқып жатқан көлге берсек, көлдің қасиеттілігі үшін, астың дәмін келтіретін тұзы үшін, түнде шырақтары жалтылдап тұратыны үшін бұдан былай “Теңіз” десек, бұл ұйғарымға кім не дер екен?” – деп қалың қауымды бір шолып өтіп: “Кешегі жеңісіміздің құрметіне бұл теңіз – “Теке теңізі” деп аталсын”, дегенде жиналған жұрт: “Тура айттыңыз, абыз, дәл айттыңыз, Әлдебек би”, – деп Қарауғы төбенің етегін дуылдатып жіберген дейді көне шежіре.

Міне, содан бері ғасырлар өтті, тарих қойнауында жатқан көне шежіре өзінің ұрпақтарына жетті. Аңыз айтады: “Текенің” мұнар басқан көксеңгір көгінде Теке батырдың аруағы шарықтап жүреді екен, мұны “Қамысты көлдің” сыбдырлаған қамыстары да айтады екен …

Сағидолла ИКЕНОВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp