«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕКСЕРІСТЕР НӘТИЖЕСІ

Бұрнағы күні облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында өңір прокурорларының үстіміздегі жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды.

Жиын барысында облыс прокурорының көмекшісі Виктор Найда өңірдегі әлеуметтік-экономикалық саладағы жүргізілген тексерістердің нәтижелерін баяндады.

– Жыл басынан бері прокуратура органдары мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда 496 тексеріс жүргізіп, 4,8 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады. 15,4 мың азамат пен кәсіпкердің конституциялық құқықтары қорғалды. 1185 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, 784 тұлға тәртіптік, 1321 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік органдардың 126 актісі бұзылды немесе өзгертілді. 52,6 миллион теңге әкімшілік айыппұл өндіріліп алынып, сомасы 1,2 миллиард теңгеге мемлекеттің материалдық мүддесі қорғалды, – деді ол.

Өңірімізде туған әрбір мың баланың 9-ы шетінеп кеткен. Прокурорлардың айтуынша, мұндай жағдайдың орын алуына жүктілік кезінде сапалы медициналық бақылаудың талапқа сай болмауы әсер еткен.

Бас прокуратураның “Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” жобасы аясында өңірдің профилактика органдарының бірлесе іс-қимыл жасауының жаңа тәртібі мен механизмі дайындалды. Бұл қанатқақты жоба Мамлют ауданында жүзеге асырыла бастаған.

Жоспарлы тексерістер барысында жалпы кадастрлық құны 7,9 миллиард теңге тұратын 260 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.

Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы қабылдаған шаралардың нәтижесінде облыс аумағындағы 44 апаттық қоқыс орны жойылып, Есіл өзенін ағынды сулармен ластаудың 3 фактісі анықталды. Сондай-ақ, өңірде кең таралған пайдалы қазбаларды өз бетінше өндірген 4 заңды және 6 жеке тұлға жауапкершілікке тартылды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp