«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕКСЕРІС АЗАЙҒАНЫМЕН, ТАЛАП КҮШЕЙДІ

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде есепшілер клубының кезекті отырысы өтті. Шараға жергілікті компаниялар, жеке кәсіпкерлік басшылары мен есепшілер қатысты.

Жиында сөз алған кәсіпкер­лерге көмек көрсету респуб­ликалық орталығының дирек­торы Дмитрий Казанцев 2020 жылы салық заңнамасына енгі­зілген өзгерістер туралы айтып берді. Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйек айында “Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы” Жар­лыққа қол қойған болатын. Яғни, жаңа жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салу туралы шешім күшіне енді. Осы аралықта ел бойынша орта есеппен 100 мыңға жуық тексеру жүргізілмейді деп күтілуде. Бұл әкімшілік жүктемені азайтуға, бизнес-ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бизнестегі бәсекелестікті дамытуға мүмкін­дік беруі тиіс.
Сарапшы шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруден үш жыл­ға босату бизнеске үлкен көмек екенін айтады. Бүгінде еліміздің экономикалық белсенді тұрғын­дарының 30 пайыздан астамы шағын және орта бизнеспен айналысады. Олардың экономикадағы үлесі 28,5 пайызды құрайды. Үкімет бұл көрсеткішті 2025 жылы 35 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Салық заңнамасына жыл са­йын түрлі өзгерістер енгізілуде. Бірақ көпшілік жаңа­шылдықтардан хабарсыз. Мәселен, қазір кассалық аппараттарға қатысты дау болып жатыр. 2016 жылдан бері бұл құрылғыларды ауыстыру нау­қаны жүргізілуде. Сол жылы кә­сіп­керлерге бұрынғы құрылғы­ларды онлайн кассалық аппа­ратқа ауыстыру міндеттелді. Де­ректерді жіберу функциясы бар кассалық бақылау машиналары (КБМ) кәсіпкерлердің кірісін азайтып көрсету немесе жасы­рып қалудың алдын алып, бюд­жетке түсетін салықтың көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Мұн­дағы мақсат – кәсіпкерлерді онлайн режімде жұмыс істету арқылы кассалық аппараттан өтетін барлық операцияларды бақылап отыру, яғни, заңсыз ақша айналымының алдын алу. Ал 2020 жылдан бастап бұл талапты жалпыға бірдей мін­деттеу туралы шешім қабыл­данды. Талапты орындамаған кәсіпкерлерге 7-25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Елімізде 30 мыңға жуық ком­пания жаңа кассаға көшуі керек. Осы жоспар орындалса, қазы­наға салықтан түсетін қаржы он есеге дейін артуы мүмкін. Талап бойынша банк картасымен төлем қабыл­дауға арналған POST-терминал да орнатылуы тиіс. Облыс орталы­ғын­дағы сауда орындары мен дү­кендерде ол түгел орнатылды деп айтуға әлі ерте.
Шара барысында алматылық сарапшы жергілікті кәсіпкерлерге жаңа жарнама салығы, тәуе­келдерді бақылау жүйесі, кас­салық аппараттың өтемақысын дұрыс есептеу туралы соңғы жаңалықтармен де бөлісті.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp