Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде есепшілер клубының кезекті отырысы өтті. Шараға жергілікті компаниялар, жеке кәсіпкерлік басшылары мен есепшілер қатысты.
Жиында сөз алған кәсіпкерлерге көмек көрсету республикалық орталығының директоры Дмитрий Казанцев 2020 жылы салық заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы айтып берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйек айында “Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы” Жарлыққа қол қойған болатын. Яғни, жаңа жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салу туралы шешім күшіне енді. Осы аралықта ел бойынша орта есеппен 100 мыңға жуық тексеру жүргізілмейді деп күтілуде. Бұл әкімшілік жүктемені азайтуға, бизнес-ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бизнестегі бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік беруі тиіс.
Сарапшы шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруден үш жылға босату бизнеске үлкен көмек екенін айтады. Бүгінде еліміздің экономикалық белсенді тұрғындарының 30 пайыздан астамы шағын және орта бизнеспен айналысады. Олардың экономикадағы үлесі 28,5 пайызды құрайды. Үкімет бұл көрсеткішті 2025 жылы 35 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Салық заңнамасына жыл сайын түрлі өзгерістер енгізілуде. Бірақ көпшілік жаңашылдықтардан хабарсыз. Мәселен, қазір кассалық аппараттарға қатысты дау болып жатыр. 2016 жылдан бері бұл құрылғыларды ауыстыру науқаны жүргізілуде. Сол жылы кәсіпкерлерге бұрынғы құрылғыларды онлайн кассалық аппаратқа ауыстыру міндеттелді. Деректерді жіберу функциясы бар кассалық бақылау машиналары (КБМ) кәсіпкерлердің кірісін азайтып көрсету немесе жасырып қалудың алдын алып, бюджетке түсетін салықтың көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлерді онлайн режімде жұмыс істету арқылы кассалық аппараттан өтетін барлық операцияларды бақылап отыру, яғни, заңсыз ақша айналымының алдын алу. Ал 2020 жылдан бастап бұл талапты жалпыға бірдей міндеттеу туралы шешім қабылданды. Талапты орындамаған кәсіпкерлерге 7-25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Елімізде 30 мыңға жуық компания жаңа кассаға көшуі керек. Осы жоспар орындалса, қазынаға салықтан түсетін қаржы он есеге дейін артуы мүмкін. Талап бойынша банк картасымен төлем қабылдауға арналған POST-терминал да орнатылуы тиіс. Облыс орталығындағы сауда орындары мен дүкендерде ол түгел орнатылды деп айтуға әлі ерте.
Шара барысында алматылық сарапшы жергілікті кәсіпкерлерге жаңа жарнама салығы, тәуекелдерді бақылау жүйесі, кассалық аппараттың өтемақысын дұрыс есептеу туралы соңғы жаңалықтармен де бөлісті.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan.