Есіл ауданының Бұлақ ауылындағы радиациялық жағдай қалыпты. Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында осындай мәлімдеме жасалды.
Аптаның басында өңір басшысы, “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақаловтың қабылдауында болған аталмыш ауылдың тұрғыны Болат Бейсенбаев соңғы жылдары елді мекенде өлім-жітімнің көбейіп кеткеніне шағымданған еді. Тұрғындар мұндай жағдайдың орын алуына ауыл маңындағы кен орнында алтын өндіріп жатқан “Әулие Голд Майнинг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кінәлі деп санайды. Бұлақтықтар қазба жұмыстарының кесірінен жергілікті жерде экологиялық ахуал күрт төмендеп кетті деген пікірде. Олар сол сияқты жаз бойы белгісіз біреулердің ауылдың іргесінен заңсыз түрде қиыршықтас өндіргендеріне де наразы. Өңір басшысы қоғамдық қабылдау кезінде көтерілген мәселені ауыл тұрғындарының қатысуымен егжей-тегжейлі тексеруді тапсырған болатын.
Баспасөз мәслихатында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов кен орнының тұрғындардың ауырып-сырқауына ешқандай қатысы жоқ деген ойын білдірді.
– Кәсіпорын қазба жұмыстарын 2014 жылы бастады. Алайда, 2015 жылдан 2018 жылдың тамыз айына дейін карьерлерде жұмыс жүргізілген жоқ. Қазіргі таңда 7 карьер іске қосылған. Оларда радиацияның мөлшерден асуы тіркелген жоқ. Ол өндірістік бақылау шеңберінде 330-дан астам рет өлшенді. Кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағы 1 мың метрді құрайды. Ал елді мекен карьерден 1660 метр қашықтықта орналасқан. Аталмыш аймақтың ауылмен шекарадағы табиғи гаммафоны 0,04-0,08 мкЗв/сағатты құрады. Ал норма көрсеткіші – 0,33 мкЗв/сағат. “Әулие Голд Майнинг” және “Солтүстік Қазақстан металлургия компаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде бүгінгі таңда 107 адам жұмысқа тартылған. Оның 17-сі – Бұлақ ауылының тұрғыны. Бұл азаматтардан кәсіби сырқат белгілері табылмады, – деді Серікбай Халиұлы.
Бүгіндері құдық суын пайдаланып отырған ауыл тұрғындарының оның сапасына да күмәні бар. Ал таза ауызсумен қамтамасыз ететін су құбырын мұнда 2022-2023 жылдары тарту жоспарланған. Департамент басшысының айтуынша, ауылдағы қоғамдық құдықтардағы судың сапасы барлық талаптарға сай.
– 2017-2019 жылдар аралығында бактериологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша 45 ауызсу сынамасы алынды. Нәтижесінде ауытқушылық байқалған жоқ. Оның үстіне өткен тоғыз айда да бактериологиялық зерттеулерге 5 сынама, ал санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 9 сынама алынды. Теріс нәтиже тіркелмеді. Мүмкін, жеке аулаларда құдықтар бар шығар. Бірақ біз оларды қадағаламаймыз. Әрине, оларды уақытында тазартып отыру керек, – деді департамент басшысы.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов Есіл ауданы онкологиялық аурулар бойынша көш бастап тұрған жоқ деді.
– Бүгінгі таңда елді мекенде 393 адам тұрып жатыр. Өткен он айда ауылдың 5 тұрғыны қайтыс болды. Оның ішінде онкологиялық аурудан екі адам көз жұмды. Олар ұзақ уақыт бойы ауырған әрі диспансерлік есепте тұрған. Қалғандары – кәрілік жетіп, дүние салғандар. Қайтыс болғандардың орта жасы – 71 жас. Өткен жылы 7 адам қайтыс болса, олардың екеуі қатерлі ісіктен көз жұмды. Мұнда қатерлі дерт көрсеткіші облыстық деңгейден 51 пайызға төмен. Онкологиялық аурулардың өсімі тіркелмеді, – деді Нұрлан Бағдәулетұлы.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.