
Халқымыздың “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген қанатты тәмсілі Шерияздан Ғаббасұлының отбасына да қаратыла айтылғандай. Жастайынан тағдырдың сан түрлі сынағын өткерсе де, мойымаған ақсақал бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, ұрпағының үлгі тұтар сүйенішіне айналып отыр.
Шерияздан ата бүгінде балалары мен немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырғанына шүкіршілік етеді. Ол әкесінен ерте айырылды. Әкесіз өмірдің қиындығын жақсы түсінеді. Сондықтан да бауырынан тараған балаларын мейірімінен кенде қылмай өсірді, оқытты. Әңгімемізді сәл әріректен бастасақ, асқар тауынан ерте айырылғаны жанына батқанынан болар, балалық шағы мен туған шаңырағында өткен бақытты сәттер жиі еске оралып, тұла бойын қимастық сезім билейді.
Шерияздан Ғаббасұлының атасы Сыздық көзі тірісінде ауыл тұрғындары арасында зор беделге ие болыпты. Арабша хат таныған ауыл молдасы солақай саясаттың кесірінен көп теперіш көрген екен. Сол кезде бала Шериязданға да үлкендермен бірге бас сауғалап, елден қашуға тура келген. Атасы мал-мүлкін түгелдей ағайындарына таратып, өзі зайыбымен және екі баласымен Сібірге жер ауады. Шериязданның әкесі Ғаббас өлең-жырға да әуес болған екен. Әнді нақышына келтіре орындағанда оның дауысына таңданбаған жан қалмапты. Сыздық кенеттен дүние салған кезде бар ауыртпалықты өз мойнына алып, әкесінің жоқтығын білдіртпеуге тырысады. Сөйтіп, Ғаббас қара жұмысқа ерте араласып, жалғыз ұлы Шериязданды да еңбекке баулиды. Ғаббастың уақыт өте келе Сібір аумағында абыройы артып, ол да ата-бабасы сияқты белді азаматқа айналады. Шериязданның шілдеханасында жиналған жұртшылықтың сұрауымен ән салып, өнері өрістей түседі.
Барлық ауыртпалықтар артта қалды деп жүргенде бұл отбасы тағы бір қиындыққа тап болады. Бұл жолы Ғаббасқа “қашқын” деген жала жабылып, ол абақтыға айдалады. Бірақ жазықсыз жапа шеккен ер-азамат кетіп бара жатқан жерінен салт атты әскердің құрсауынан қашып шығады. Бірнеше шақырымға созылған ну ормандарды кесіп, жаяулап-жалпылап отбасына жеткенімен, қара суықтың кесірінен ауруға шалдығып, небары 34 жасында дүниеден озады. Оның артында қалған жалғыз тұяқ осы Шерияздан болатын. Арқасүйерінен айырылғаннан кейін анасы басқа адаммен тұрмыс құрмақ болады. Бірақ Шерияздан бұл шешімге көнбей, “еріп келген бала” атанбаймын деп, ағайындарының үйіне барып тұруды жөн санаған екен.
Ол мектепті бітіргенше туысқандарының қолында тәрбиеленді. Ол кезде тірлік басқа. Қазіргідей ас-су, киім-кешек пен төсек-орын “үйіліп-төгіліп” жатқан заман емес. Жастайынан жетімдіктің зардабын көрген азамат өмірдің бұл сынағына да шыдап, кез келген қиындыққа мойымауға тырысады. Алдымен, жұрт қатарлы білім алып, ағайын-туыстың көңілінен шығуға ұмтылады. Әскерге барып келгесін күндізгі бөлімге оқуға түсіп, өз отбасына қамқор бола білді. Жары Мәриям да байсалды, төзімді мінезінің арқасында бар ауыртпалыққа шыдап, отбасын бақытты етуге тырысып бағады. Жұбайы оқуға кеткенде сәбиіне бас-көз болып, үйдің шаруасын ұршықша иіріп отырыпты. Осындай жарасымдылықтың арқасында ерлі-зайыптылар өзгелер қатарлы үлгілі өмір сүріп, қызмет істеп, өз ортасында абыройлы жұп атанады. Балаларының да үлгілі болып өсуіне бар күш-жігерін салады. Бүгінде Шерияздан Ғаббасұлы немерелеріне де жақсы тәлім-тәрбие беруге айрықша көңіл бөлуде. Алдымен ол өз жобасы бойынша зәулім үй салып, соның бір бөлмесін шеберхана етіп жабдықтаған. Онда сүйікті ісімен айналысып, немерелерін еңбекке баулуда.
Ақсақал әңгіме барысында: “Үйде қол қусырып отыра алмаймын. Бізді еңбек тәрбиеледі. Сол әдетіміз бүгінге дейін қалмай келеді. Қолым қалт етсе, үйдің маңын тазалаймын. Жұмыс мұнымен бітпейді. Ағаштарды күтіп-баптау сүйікті ісім”, – дейді.
Соңғы сапарға аттанғанына 75 жыл өтсе де, Шерияздан атаның әкесіне деген сағынышы бір сәтке де ортайған жоқ. Қазағымның қанына сіңген ата-анаға деген ыстық ықылас пен мейірім бүгінгі ұрпақтың да бойынан табылса екен деген тілекпен мен ақсақалмен қоштастым.
Нұржәмила ӘЛІБЕКОВА,
ардагер ұстаз.
СУРЕТТЕ: Ғаббас Сыздықұлы (1943 ж.).