
Жуырда Булаев қалалық округі аумағындағы мұнай айдау стансасында “Адал” таңбасымен шұжық өңдейтін цех ашылып, ол мағжандықтардың Астана күні мерекесіне арнаған тамаша тартуы болды. Жаңа өндіріс ошағының ашылу салтанатына аудан әкімі Асқар Бегманов қатысып, жиналғандарды айтулы оқиғамен құттықтады.
Аталмыш кәсіпорын “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ тарапынан қаржыландырылып, яғни олардан 5 жылға 6 млн. теңге несие алып, іске жаратып отыр. Қаржылық акционерлік қоғамның облыстық филиалы директорының орынбасары Айдар Төлеевтің айтуынша, бұл өте тиімді әрі әлеуеті зор жоба болып табылады. Өз кезегінде кәсіпорын басшысы, жас кәсіпкер Батыр Әбілмәжінов жиналғандар алдында сөз сөйлеп, жаңа жобаның іске асуына қолдау жасағандарға ризашылығын білдірді.
– Алдымен аудан әкімдігіне, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-на көрсеткен жан-жақты көмектері үшін зор алғысымды айтамын. Өйткені, осы шұжық өңдейтін цехты ашу үшін мен отбасыммен бірге бір жылдай тынымсыз еңбек еттім. Енді кәсіпорында атқарылған істерге тоқталар болсам, әзірге жобаның өнімділік қуаттылығы айына 10 тоннадан аспайды. Орнатылған барлық құрал-жабдықтар жаңа, оларды Германия, Словакия және Украинадан сатып алдық. “Адал” таңбасымен жұмыс істегендіктен, біздің шұжық өнімдерімізде шошқа еті, әртүрлі қосындылар мен генетикалық түрлендірілген ағзалар мүлдем жоқ. Біз шұжық жасау үшін тек таза жылқы, сиыр және қой еттерін ғана пайдаланамыз. Әзірге шұжықтың булаевтік айрықша, жылқы етінен жасалған және элиталық деп аталатын үш түрін шығарамыз, – дейді Батыр Мұратұлы.
Жаңа кәсіпорын қазір 10 адамнан тұратын бір ауысымдық жұмыс кестесінде істейді. Ал оны алдағы уақытта екі ауысымдық жұмысқа көшіру жоспары бар. Тараз қаласынан арнайы шақыртылған жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін маман – Серік Ахметов кәсіпорын жұмысшыларына австрия-германиялық технологияны оқытып, оларды тәжірибеден өткізуде.
Кәсіпорын жұмысшысы Юля Брауликтің айтуынша, ол оқытудың бірінші кезеңінен өткендер қатарында. “Маған енді екі апта оқу қалды. Құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді тез игеруге тырысып жатырмын. Оқу мен іс-тәжірибе аяқталған соң біз шұжық цехының маманы болып шығамыз. Шағын қаламызда жаңа жұмыс орындарының ашылғанына қуаныштымын. Жалпы тұрғындарымыздың барлығы да жыл сайын өндіріс орындары қөбейіп, жұмыс табу мүмкіндігінің артып отырғанына разы”, – дейді болашақ маман.
Кәсіпорын басшысы Батыр Әбілмәжінов алдағы уақытта “Адал” таңбасымен өндірілетін өнімдерін Ресейдің Омбы, Түмен және Қорған облыстарына экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Негізінен жас кәсіпкердің алға қойған жоспарларының бәрі де бәсекеге қабілетті, өміршең әрі өте тиімді екенін байқатады.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,
журналист.
Суретті түсірген автор.
Мағжан Жұмабаев ауданы.