«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕЛЕАРНАНЫҢ КӨРЕРМЕНГЕ ТАРТУЫ

Талғамы биік көрермен отандық телеарналардан тұщымды дүние көргісі келеді. Әсіресе, жаңа маусымның жаңалығын тосып, елеңдеп отыратынымыз рас. Жергілікті “QYZYLJAR” телеарнасының биыл көпшілікке ұсынар тың жобалары аз емес екен. Жаңа маусымның таныстырылымына облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет пен “Қазақстан” телерадио корпорациясы” АҚ-ның жанынан ашылғалы отырған “Tamasha tv” телеарнасының жетекшісі Есен Елеукен қатысты.

– “QYZYLJAR” телеарнасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы және Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында “Туған жер”, “Қуатты Қазақстан”, “Ән-аманат”, тағы басқа бағдарламалары арқылы өңіріміздің әлеуметтік-мәдени өміріне, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға елеулі үлес қосып отыр, – деген Мадияр Дүйсенбайұлы телеарна ұжымына шығармашылық табыс, бастамаларына сәттілік тіледі.

“QYZYLJAR” телеарнасы жаңа маусымда көрерменге “Достық көпірі”, “Білгірлер бәйгесі”, “Өнер алды”, “Парасат – пайым”, “Рухани қазына”, “Қызылжарлықтар”, “Білім мен білік”, “Шынарым” атты тоғыз жаңа жоба әзірлеп отыр. Бұл бағдарламаларда телеарна тілшілері көпшілікке шағын және орта бизнес өкілдерінің толағай табыстарымен қатар, көрші Ресей елінің Қорған, Түмен, Омбы облыстарының кәсіпкерлері жайлы әңгімелейтін болады. “Қызылжарлықтар” жобасы да талғамы биік көрерменнің көзайымына айналары сөзсіз. “Туған жерге туыңды тік” дегендей, Қызылжар жерінен түлеп ұшып, бүгінгі күні еліміздің әр қиырында өнерімен, еңбегімен, басқа да табыстарымен зор құрметке ие болып жүрген азаматтар аз емес. Олардың тағылымды ісі мен өмір жолынан өскелең ұрпақ үлгі алуы тиіс. Сондай-ақ, рухани, қоғамдық, әлеуметтік және отбасылық құндылықтарды дәріптейтін бағдарламалар көші бұл жолы да жалғасын таба беретін болады.

– Телевизия – жаңа қоғамдық құндылықтарды, зор талғамды қалыптастыруға ықпал етіп, саналы, білімді ұрпақтың өсуіне үлес қосатын сала. “QYZYLJAR” атауын иеленген ұжым еліміздің тыныс-тіршілігін жұртшылыққа жеткізуде әлі де аянбай ізденіп, шығармашылық қабілеттерін шыңдауы қажет, – деп телеарна ардагері Амандық Жантеміров көпшіліктің көкейіндегі сөзді айтты.

– Бүгінгі күні “QYZYLJAR” телеарнасында 70-тен астам қызметкер бар. Олар әрбір бағдарламаның эфирге мінсіз шығуына бір кісідей атсалысады, – деген жергілікті телеарна басшысы Ерлан Тоқшылық өткен маусымда тілшілер арасында жүргізілген байқаудың нәтижесі бойынша үздік атанған бағдарламалардың жүргізушілеріне құрмет көрсетті.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp