Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші кезеңі қорытындыланды. Биыл облыс мектептерін тамамдайтын 3276 түлектің 2074-і сынақтан өтуге өтініш білдірді.
Білім сынына қатысқандар үшін бес тест тапсыру пункті дайындалған. Олар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде, Ақжар ауданындағы Талшық, Жамбыл ауданындағы Пресновка, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Новоишимка және Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылдарында орналасқан. Сынақ өтетін орындарға бейнебақылау камералары орнатылып, жемқорлықтың алдын алу үшін әр аудиториядан онлайн-көрсетілім жүргізілді. “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің қызметкерлері мен арнайы мониторингтік топтың мүшелері сынаққа тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті мамандарының мәліметінше, төрт түлек денсаулығына байланысты емтиханға қатыспаған. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру ережелерін бұзғаны үшін 12 адам залдан шығарылған. Олардың көбі ұялы телефон пайдаланғаны үшін жазаланған.
Алғашқы сынақты М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде тапсыруға 1409 оқушы өтініш білдірсе, соның 1377-сі ғана қатысқан. Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ирина Голодова алғашқы сынақтың үш кезең бойынша өткенін айтты. Бірінші кезеңде үміткерлер жинаған ең жоғары балл 126-ны, екінші кезеңде 121-ді құраса, үшінші кезеңде 129 балға дейін жоғарылаған. Бірақ 305 бала шектік ұпайды жинай алмаған. Олардың арасында химия-биология, физика-математика, математика және география пәндерін таңдағандардың үлесі басым.
Емтихан қорытындысы бойынша, түлектер жоғары оқу орындарына ақылы түрде түсе алады. Келесі сынақ наурыз айында өтеді.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.