Жыл сайын Қазақстанда темекі шегуден пайда болған аурулардан 25 мың адам көз жұмады екен. Ал күн сайын темекі 70 қазақстандықтың жер жастануына себеп болады. Бұлар: қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары, қан қысымы және тағы басқа сырқаттар. Темекі шегуші адам өзіне ғана емес, өзгенің де денсаулығына зиянын тигізеді. Бұл жаман әдеттен арылудың жолдары қандай?
Саналы өмірінің ширек ғасырында темекіге әуес болған адамның денсаулығына пайдадан гөрі, залалын тигізетін зиянды әрекеттен арылғандар бар. Ақ халатты абзал жандардың айтуынша, темекіден арыламын деген адам үшін қолың қалт етсе, темекіге жүгіре беретін алғашқы 3-7 күн ғана қиын. Бұл сәтте оларға әр сағат сайын С дәруменін бір грамнан ішуге кеңес береді дәрігерлер. Ол өз алдына қауіпті сәтті өткеруге көмектеседі. Құрамында аз мөлшерде никотині бар сағыз және жабыстырғышты пайдалануға болады. Темекіге әуестіктен арылу кезінде бұл құралдар никотинге деген тәуелділіктен уақытша болса да, арылтады. Бұл жәрдемші құралдар жанама әсер де беруі мүмкін. Жүрек айнып, ықылық атып, бұлшық еттер мен жақ ауруы ықтимал. Мұндай құралдарды ойық жарасында, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысы бұзылғанда және жүкті әйелдерге қолдануға болмайды.
Темекіден арылудың бір жолы – күніне шегілетін темекі санын азайту қажет. Сосын темекіден ішке жұтылатын түтінді азайтқан дұрыс. Себебі дәл темекінің ұшында зиянды заттың барлық химиялық заттары шоғырланған.
Темекі – уыт. Оған деген тәуелділіктен арылу үшін ағзаны уыт заттардан тазарту керек. Арнайы емдәмді қолданыңыз. Майларды, етті аз мөлшерде пайдаланыңыз. Көкөністер мен жемістерді, дәндердің өскіндерін, кептірілген жемістерді, бұршақтар мен жармаларды қолданысқа енгізіңіз. Жұмыртқа, сүтті тағамдарды дастарқанға қоюға болады. Бірақ дәл осы мерзімде етсіз тағамдарды пайдаланған жөн. Тұзды, маринадталған тағамдар мен ішкіліктен бас тартқан дұрыс. Сонымен бірге, суды, шөптен қайнатылған шайды, шырындар мен сорпаны көп мөлшерде пайдаланыңыз. Ірімшік пен дәндерді, жаңғақтарды жеу оң әсер етеді. Темекіден арылу кезінде сарымсақты да ұмытпаңыз.
Темекіге әуес адамдардың ағзасына никотиннің әсерінен дәрумендер дұрыс сіңірілмейді. Темекіден бас тартқан уақытта ағза дәрумендерді аса қажет етеді. Сондықтан да темекі шегушілерде аскорбин қышқылы 30-40 пайызға төмен болады. Бұл ағза иммунитетінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Осы кезеңде С, А, Е дәрумендерін пайдалану аса қажет. С дәрумені уытты бейтараптандырса, Е дәрумені жасушалар жарғақшаларын ерікті радикалдардан қорғап, қатерлі ісікке шалдығу қаупін төмендетеді. Д және мырыш дәрумендері тіндер мен шырышты қабатты зақымданудан сақтайды. А немесе бетокаротин деп аталатын кешенді дәрумен өкпе қатерлі ісігіне қалқан бола алады. Сонымен қатар, В тобындағы кешенді дәрумендерді, фолий қышқылын, магний, молибден, аминқышқылын қолдану қажет. Оларды күннің әртүрлі уақытында, екі апталап қолданған дұрыс.
Темекі шегуші мен дәрігердің екі жақты шешімі зиянды әрекеттен бас тартуға сеп бола алады.
Ирина АРТЮЩИК,
облыстық саламатты
өмір салтын қалыптастыру
проблемалары орталығының дәрігері.