Уәлиханов аудандық жастар бастамалары орталығының мамандары Кішкенекөлдегі аурухананың дәрігерлерімен бірлесіп “Таңдау жаса” атты акция ұйымдастырды. 26 маусым – Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орай өткізілген шараның негізгі мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттап, өрендерді өрмекшінің торындай сананы улайтын зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру.
Акция барысында көшедегі жаяу жүргіншілерге есірткінің адамға, қоғамға тигізер зиянды жақтары жазылған үнпарақтар таратылды. Сондай-ақ, темекіні тәттілерге, жемістерге және шырындарға ауыстырудың ұтымды жолдары көрсетілді. Өкпенің созылмалы ауруларына жол ашатын темекі түтінінің зардаптары түсіндірілді. Темекіден бас тартуға ниет білдірген шараға қатысушылар қалтаны сүліктей соратын шылымдарын жәшікке жинап, өртеп жіберді.
Самат ХАБИБУЛЛОВ,
Уәлиханов аудандық
жастар бастамалары орталығының директоры.