«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕМІР ЖОЛДЫҢ ТАРЛАНЫ

Оңтүстік Орал темір жолының құрамына енетін барлық станциялар қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бір-бірімен үнемі үзілмес байланыста жұмыс істейді. Соның ішінде №2 Петропавл станциясы бөлімшесіндегі осынау жауапты іспен Жұмабек Оразов айналысады. Екінші дистанцияның аға электр механигі қызметін атқаратын білікті маман тоғыз жолдың торабындағы тығыз қозғалыс буынының барлық дабыл жүйесінің, орталықтандырылған блокадалау және байланыс тетіктерінің мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Жұмабек Абдоллаұлы Алматының жол қатынастары университетінде темір жол көлігінің автоматикасы мен телемеханикасы мамандығы бойынша жоғары білім алған. Мамандыққа адалдық танытқан ол 1973 жылдан бері бір орыннан табан аудармай, Петропавл темір жол станциясында еңбек етіп келеді. Оның біліктілігі мен шеберлігін ұжым басшылары қадірлейді, өзгелерге үлгі етіп, тәлімгерлік істеріне тәнті болуда. Бір сөзбен айтқанда, өз ісінің нағыз білгірі саналады. Электромеханик маманның табысты еңбегі теміржолшылардың жыл сайынғы кәсіптік мерекелерінде аталып өтілуде. Айталық, өткен жылы ол Оңтүстік Орал темір жолының Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Уақытпен санаспай, жылдың қай мезгілінде болсын күн-түн демей, өз дистанциясы аумағындағы қозғалыс қауіпсіздігіне ақау түсірмейтін оған Ресей темір жолы басшылығының да ықылас-құрметі зор. Соның айғағындай, кеудесіне өткен жылы “Темір жол көлігіндегі 30 жыл мінсіз еңбегі үшін” төсбелгісі тағылды. Оған қоса, Ресей темір жолының орта буындағы үздік командирі атағын да алды.

Темір жол станциясындағылар оның өте қарапайым, өз ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын және өзі қарамағындағы жұмысшыларға талапшыл жан екенін біледі. Сондай-ақ, Жұмабек Абдоллаұлының төңірегіндегілерді түсіне білетіндігі де ұжымды ұйытып жүрген ісінен байқалады.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Жұмабек Оразов.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp